Әлеумет

Тал егудің тағылымы тереңде

Қазақ халқының болмысында табиғатқа деген шексіз құрмет пен терең түсінік қалыптасқан. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз – қазақ халқының қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Ағаш – тек жасыл желек қана емес, ол адамға сая, табиғатқа қорған, болашаққа мирас.

Ағаш егу – бір күндік науқан емес, ежелден бері ата-бабамыздың санасына сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан игі дәстүр. Қазақ халқы көгерген талды тек табиғаттың көркі ғана емес, жердің ырысы, елдің берекесі деп санаған. Бұл түсінік халқымыздың дүниетанымымен астасып қана қоймай, асыл дініміз Исламның да негізгі қағидаларымен үндесіп жатыр. Себебі ағаш отырғызу туралы Ислам дінінде көптеген насихаттар мен өнегелі өсиеттер айтылған.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де қолындағы көшеттi (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын» деп бұйырған. Сонымен қатар бізге жеткен деректер бойынша ардақты Пайғамбарымыздың көзін көрген Әбу Дәрда Дамаск қаласында жеміс көшетін отырғызып жатса, оны бiр кiсi көрiп: «Қартайып қалдыңыз ғой, мұны не үшін істеп жатырсыз?» деп сұрапты. Сонда Әбу Дәрда оған: «Асықпа, сабыр ет! Бізден бұрын келгендер көшеттер отырғызды, біз оны пайдаландық, жемісін жедік. Ендігі егу, өсіру кезегі – біздікі. Оны келесі ұрпақ пайдаланады және жемісін жейді. Мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Қандай да бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, жануарлар мен жәндіктер, құстар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» дегенiн естiгем», деп жауап беріпті.

Исламда жасыл желек өсіру – садақа жасаудың бір түрі саналады. Себебі отырғызылған талдан адам да, құс та, жан-жануар да өз пайдасын көреді. Осындай сауапты істе бой көрсетіп, бар адамның қамын ойлап, ауылының айналасына ағаш отырғызып, көпшіліктің алғысын алып жүрген азаматтар қазір де аз емес. Мәселен Меркі ауданының тұрғыны Бақыт ақсақал ата жолын жалғап, ауылына талай көшет еккен екен.

Иә, Бақыт ақсақал секілді әрбір азамат тал егіп, болашаққа мирас етіп қалдырса, қоршаған ортаның күйі әлдеқайда жақсарып қалар еді. Дегенмен ондай жандарды жоқ деуге де болмайды. Мойынқұм ауданының тұрғыны, саудагер Кеңесбек Сәттібаев он жылға жуық уақыттан бері жеміс ағаштарын отырғызумен айналысып келеді.

Расында «тал ексем болды, міндет орындалады» деп қарауға болмайды. Ағаш отырғызғаннан кейін оның күтіміне де аса мән берген абзал. «Қураған ағаш иілмейді» дегендей пайдасыз күйге түсіру, оған жасалған қиянат болып есептеледі. Сол себепті еккен шыбықтың тал болып өсуі үшін оны егу қағидаларын да меңгерген жөн.

«Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақовтың айтуынша, ағаш отырғызу бірнеше маңызды кезеңдерден тұратын күрделі агротехникалық процесс.

«Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» дегендей мемлекет тарапынан да жыл сайын ағаш отырғызу акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, 2025 жылдың 15 наурыз бен 20 сәуірі аралығында облыс аумағында «TazaLike» акциясын өткізу жоспарлануда.

Расында тал егу дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс. Өз дәуірінде дақпырты дүркіреп тұрған ауыл бақтары, азамттардың атымен аталатын жеке бақтар қайта бой көтеріп, ел игілігіне жараса деген ойдамыз. Ал болашақ ұрпақты, өскелең жастарды бұл үрдістен қалыс қалмай, ата жолымен жүруге шақырамыз!

Мұқағали БАЛТАБАЕВ