«Қой қоздап, қорада шу...»
Көктем келсе қырда да, ойда да тіршілік дүбірі қызып, шаруа баққан елде тыным болмайтыны белгілі. Әсіресе қазір шопандар ауылында нағыз қарбалас басталған шақ. Өйткені ырзығын ата кәсіптен айырып отырған шаруашылықтар мал төлдету науқанына білек сыбана кіріскен. Осы орайда біз редакцияның тапсырмасымен шопандардың бейнетке толы өміріндегі бір күнгі тыныс-тіршілігін көзбен көру үшін Жамбыл ауданына жол тартқан едік.
Аудан орталығы – Аса ауылынан бізді күтіп алған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов пен Қаракемер ауылдық округінің аға мал дәрігері Исақ Байтханов Көделі көктеуіне жол бастады. Қаракемер ауылынан Талас ауданына қарай қозғалған көлік көп ұзамай құмақты төбеге келген тұста оңға бұрылып, жайдақ дала жолына түсті. Күн шекені қыздырарлықтай қауһарға ие болса да көктемнің аты көктем екенін дала төсіндегі жолдың жаздағыдай шаң-топалаңнан ада болуы сездіре түскендей. Бірде тақыр, бірде татыр, ойлы-шұқырлы жермен малшы ауылына бет түзегенде жол-жөнекей шаруалардың жай-күйін сөз еткен Бауыржан Тоқтасынұлы өткен жылғы төл алу науқанының нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, 100 сиырға шаққанда 95 бұзау, әрбір осыншама көлемдегі саулық пен ешкіден 73 қозы-лақ, әрбір 100 биеден 65 құлын алынған. Соның нәтижесінде аудандағы мал басы едәуір өсіп, төрт түлік қатарына жалпы 15 224 бұзау, 69 724 қозы-лақ және 5243 құлын қосылыпты. Қазіргі таңда ауданда биылғы төлді есепке алмағанда 36 878 мүйізді ірі қара, оның ішінде 20 750 сиыр, 311 053 уақ малдан 217 737 саулық және барлығы 21 171 жылқы бар екен.
Қаракемер ауылдық округінде де мал саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде мұнда жалпы 35 800 уақ мал тіркелген. Оның 30 мыңға жуығы 22 шаруа қожалық пен 12 жеке кәсіпкердің иелігінде болса, қалғаны ауыл тұрғындарының қолындағы мал.
Біз шопан ауылына жақындағанда, үй маңында жусап жатқан 20-30 саулықтан тұратын майда сақпанға кезіктік. Жол бастаушылар телефон арқылы малшымен байланысқа шыққанда, шаруашылық иесінің орта сақпанды бағып жүргенін білдік. Көз көрім жерде жатқан орта сақпанға астымыздағы «Нива» автокөлігі демде-ақ жеткізді. Орта сақпанды бағымына алған азамат «Мансұр» шаруа қожалығының иесі Талғат Қабылшаев еді. Шаруашылықтың қарамағында 1000 уақ мал болса, оның 600-і саулық екен. Шаруашылық мал төлдету науқанында отарын бес бөлікке бөліп тастапты.
Талғат Қабылшаевпен тілдесу барысында біз де қасына ілесе жүріп, тыным таппадық десек те болады. Шопанның жұмысы тынымсыз екені осындай сәтте аңғарылатыны белгілі. Ол жусаған малды қайта-қайта өргізіп, жата қалған қозыны түртіп оятып жүрді. Себебі қозы ұйықтап қалса, төбеден күн, астынан сыз ұрғанда қозы өкпе ауруына шалдығады екен. Өрісте біз көрген Т.Қабылшаевтың іс-әрекеті оның өте тәжірибелі шопан екенін аңғарта түсті. Әйтпес малдың жусағанын пайдаланып, қосыла ұйықтайтын, мал өріп кеткен соң ұйықтап қалған қозыны ала өкпе болып қуып жүретін шопандар да аз емес. Мал төлдету науқанында тілдескен шопандардың кейбірі «Ұйықтап қалған қозының қасынан атпен шауып өтсең, ол үркіп, соңыңа ілеседі. Сол кезде шапқан күйі сақпанға келіп қосыласың. Қозыны ала өкпе болып қуудың қажеті жоқ» деп ақыл айтқанын да көргенбіз. Мына жерде Талғат Қабылшаевқа малсақтық қабілет кезінде озат шопан атанған әкесі Нұрахан Қабылшаевтан берілгені көрініп тұр.
Ол әңгімесін сабақтай отырып, заман қанша өзгерсе де бүгінгі тірлігі бір кездері әкесі салған сара жолдан айнымай, ауытқымай келе жатқанын тілге тиек етті. Шопан сөз арасында көктемде мал төлдету, жазда жайлауға шығу, шөп ору, күзде малдың қоң жинауына түрткі болу, қыстан аман шығару секілді мезгіл-мезгілге қатысты жауапты жұмыстары бар екенін тәптіштеді.
Шопанмен әңгімелесіп тұрғанда, орта сақпанның маңында бір үйір жылқының жусап жатқанын байқадық. Талғат Нұраханұлының айтуынша, үйірде 30 шақты жылқы бар, биелердің дені құлындап үлгерген. Малшы тек қой-ешкімен шектелмей, шаруашылықта жылқы да ұстайтынын сөз етті. Қожалықта бес-алты сауын сиыр бар. Ағарғанға деген өз қажеттіліктерін осы сауын сиырлар арқылы айырып отырған жайы бар.
Жалпы мал бағу мол тәжірибе мен табандылықты талап ететін іс. Қазір отарды ауылдың бір азаматы жәрдемші ретінде бағып жүрсе, оның еңбекақысы аудандық мансап орталығы арқылы төленеді екен. Алайда шопан өз тарапынан оған көмек беруде аянып қалмайтынын айтты.
Мал төлдету науқанына тек жалдамалы шопан ғана емес, отбасы мүшелері де жұмылдырылған. Бір сақпанды жиені, тағы бірін Тимур есімді баласы бағып жүр. Жиені көктемгі науқан біткенше көмектессе, ұлы шаруашылық ісіне тұрақты араласып келеді. Қазір төрт адам бірлесе еңбек етіп, науқанды сәтті аяқтауға күш салу қамымен жүр.
Талғат Нұраханұлының жасы 57-де. Өмірін ата кәсіпке арнаған ол бұл істен артық кәсіпті көзіне елестете де алмайтынынын, адал еңбекте береке бар екенін айтады. Дегенмен зейнет жасына жеткенде шопан таяғын баласына ұстатып, ауылда бейқам өмір сүрсем деген ойы бар.
Бір күн дамыл таппайтын тынымсыз тірлік, еселі еңбек пен маңдай тер ғана шаруашылықты алға сүйрейтіні белгілі. Жаз келсе төрт түліктің жемшөбін дайындау науқаны қыза түспек. Бұл тұрғыда «Мансұр» шаруа қожалығының жұмысы қалыпты жолға қойылған. Иелігіндегі 7,5 гектар жоңышқа мен 12 гектар шабындықты ауыл механизаторлары ақыға орып, өздері тасып беретін көрінеді.
Шопан ауылында біз көрген тынымсыз тірліктің бір парасы осындай. Көлікке отырып, кері қайтқанда құлағымызда маңыраған қозы мен мекіренген саулықтың дауысы қалып қойды. Сірә «Қой қоздап, қорада шу...» деген осы болса керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Жамбыл ауданы