Жамбыл жаңалықтары

Дарынды оқушылар дараланып тұрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деп атап өткен болатын. Осыған орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Ой шебері» зияткерлік ойынының жеңімпаздарымен кездесті.

Ұлттық нақышта киініп, жүздері бал-бұл жайнаған жеткіншектерді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанболат Нұрмолдаұлы жылы шырайда қарсы алып, ол өңірдің бас ғимараты туралы қызықты деректермен бөлісіп, оқушыларға экскурсия жүргізді.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев кітап оқуға құштар, нағыз білімді әрі талапты оқушылармен кездесіп, сәттілік тіледі.

Өз кезегінде талантты жастар да облыс басшылығына деген шынайы ризашылығын жеткізіп, бұл кездесу оларға шабыт беріп, ынталандыра түскенін айтып, әсерлерімен бөлісті.

Кітап сүйер жасөспірімдерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тарту етілді.

Кездесу соңында дарынды оқушылар облыс әкімімен естелікке суретке түсіп, жігерленіп, тамаша көңіл күйде тарқасты.

Еске сала кетейік, облыс әкімдігі мен «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі демеушілерді тарта отырып, 18 қаңтарда «Ой шебері» зияткерлік ойынын ұйымдастырған болатын. Оған Тараз қаласы мен аудандардан 90 команда (450 оқушы) қатысты.

Білім бәйгесіне қатысушыларға өңірден шыққан танымал жазушылар мен ақындардың шығармаларына қатысты сұрақтар қойылды.

Нәтижесінде Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарының намысын қорғаған мектеп оқушылары топ жарды. Жеңімпаз 3 командаға қаржылай сертификат табысталды. 6 кезеңнен тұратын тартысты бәсекеге қатысушылардың арасында 300 кітап оқыған Асқар Нұрмахан, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 250 өлеңін жатқа білетін Кәусар Қашқынбай, жүзден аса кітаптың тереңіне бойлаған Нұртілеу Сатыбалды секілді жас өрендер бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі