Қоғам

Сүт өнімдерінің сапасы сын көтермейді

Дана халқымыздың «Ауылдың дәмі – көңілдің нәрі» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Өйткені ауылдық жерде қазақы дастарқанның молшылығына куә болып, табиғи өнімдердің тазалығы мен ерекше дәміне тамсанатын едік. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыран, құрт, сарымай, ірімшік сынды халқымыздың ұлттық тағамдарын өзге мемлекеттерден табу қиын. Алайда соңғы жылдары бұл өнімдердің де сапасы төмендей бастағанын көзіміз көріп жүр.

Мәселен, бұрын сүттің сапасы мен табиғилығына күмән келтірмейтін болсақ, бүгінде «сүтке су қосады екен» деген әңгіме жиі естіліп жүр. Бірі құрттың ағарып тұруы үшін оған әк қосса, енді бірі көлемін ұлғайту мақсатында «левкас» (құрылыс материалы) араластырудан да тайынбайды. Соның салдарынан бүгінгі күні нарықта сатылып жүрген құрттардың дәмі бұзылып, майлылығы азайып, тіпті сүттің құнары мүлде жоғалған. Әсіресе дүкендерде сатылатын құрттардың сапасы сын көтермейді. Себебі дүкендер көбіне белгілі бір өндірушімен ғана емес, бірнеше фирмамен келісімге отырып, өнімнің сапасын терең зерттемей, тек сауда айналымын арттыруға басымдық береді. Сатушылармен жүргізілген әңгіме барысында дүкен иелері бұл мәселе бойынша ашық жауап беруден тартынып, тауарлардың сапасын тексермейтінін алға тартты. Бүгінде дүкен сөрелерінде құрттардың қапталған әрі бірнеше данасы біріктірілген түрі 400 теңгеден басталса, жекелей сатылатын құрттар 150 теңгеден саудалануда. Дегенмен сауданың негізгі орталығы – базар екені белгілі. Бұл жердегі құрттар әр аймақтан, әсіресе ауылдық жерлерден жеткізіледі. Бірақ олардың сапасы мен табиғилығы қаншалықты сақталатыны үлкен сұрақ күйінде қалып отыр.

Базардағы кез келген сатушыны сөзге тартсаңыз, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай құртын мақтап ала жөнеледі.

Сүт өнімдеріне деген сенімсіздік құртқа ғана қатысты емес. Қарапайым ірімшіктің өзіне химиялық қоспаларды қосса, айран құрамынан сүтке қарағанда суды көп кездестіреміз. Ал ашытылған қымыздың иісі спиртке ұқсайтыны белгілі. Алайда спирт қосып, ашытылатын қымызға не дейміз? Соңғы 2-3 жылдықта елімізде «Балқымыз» деп аталатын қымыз түрі сатыла бастады. Алғашында балдай болған қымыздың қазіргі дәмі бәріне мәлім шығар.

Осы ретте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласып, тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен өнімдердің сапасын бақылау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық.

P.S Маман келтірген деректер де сүт өнімдерінің сапасы сын көтермейтінін растап отыр. Сол себепті саудагерлер мен жеткізушілер осы жағына мән берсе екен дейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ