Қоғам

Балықты беталды аулауға болмайды

Бала күнімізде ойнап жүрген бір топ баланың ішінде бізден сәл ересектеулері «Құймаға барамыз, құймаға деп» шу ете қалды. Құдай біледі «құйма» деген сөзді алғаш сол кезде естідім-ау деймін. Оларға біз секілді қарадомалақтар ілесіп, 5-6 бала ауылдан жаяу ұбап-шұбап, екі-үш қыр асып, жайылып жатқан суға келдік. Қолымызда бір-бір таяқ.

Ол кезде балықтың түр-түсін ажырата алмаймыз, атын да білмейміз. Суды қақ жарып жүзіп келе жатқан балықты көргенде ұрып алу ойымен таяқпен салып кеп қаламыз. «Шалп» еткен дыбыс шығады да су бетімізге шашырайды. Әйтеуір улап-шулап, сол күні кешке дейін алаөкпе болып балық қуалағанымыз есімізде. Ересектер жағы үш-төртеуін олжалап, бір балықты «екеуара біреу» деген ережемен әр екі бала бір балықты қақ ортасынан бөліп алғанбыз. Өсе келе біз барған жер Қызыләуіт ауылы мен оның айналасындағы егісті суландыру үшін қолдан жасалған «Шұқырәуіттің» құймасы екенін білдік. Қазір ойласам, біз сол су жайылған жерге мамыр айының арғы-бергі жағы, яғни балық уылдырық шашатын кезде барған болып тұрмыз ғой. Бұл енді баланың тірлігі. Алайда балық аулауға тыйым салынған уақытта заңбұзушылыққа бас пайдасы үшін саналы түрде дайындалып баратын адамдар баршылық. Өйткені уылдырық шашатын кезде балық азайып, нарықта баға біршама қымбаттайды, ал мұндай ұрымтал сәтті бөтен ниеттегілер пайдаланып қалғысы келетіні анық. Бірақ мұның балықтардың табиғи жолмен көбеюіне кедергі келтіретін заңсыз әрекет екені баршаға белгілі.

Өңірде уылдырық шашу кезінде табиғат байлығын қорғау, балық қорының молаюына күш салу Шу-Талас облысаралық балық инспекциясының құзырында. Дәл осы балық уылдырық шашатын кезеңде бақылау күшейтілмесе, заңсыз балық аулау белең алып, тіпті кейбір балық түрі жойылып кетуі де мүмкін. Аталған инспекция басшысының орынбасары Қанатбек Заурбековтің айтуынша, облыста 131 су айдыны болса, оның 94-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп беріліпті. Ал 37 су айдыны әлі бос тұр, яғни ол көлді пайдаланып отырған кәсіпкер жоқ.

Осы инспекцияның мемлекеттік инспекторы Нұржамал Кұлбаева облыста «Уылдырық шашу» науқанының алғашқы кезеңі жүріп жатқанын айтады.

2024 жылы уылдырық мерзімі кезеңінде заңмен тыйым салынғандығына қарамастан қаскөйлік мақсатта балық аулағандардың барлығы да заңды жазаға тартылыпты. Атап айтқанда, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының жүргізген рейдтік шаралары барысында Шу ауданындағы «Тасөткел» су айдынында бір оқиға орын алыпты. Онда балық аулауға тыйым салынған аулау құралы, яғни синтетикалық полиамидті моноталшықтан жасалған, ұзындығы шамамен 50 метр торды суға салып, балық аулап тұрған жерінде К деген азамат қолға түскен екен. Ұсталған азаматтан 7 келі мөңке балықтары, ұзындығы 20 метр синтетикалық моноталшықтан жасалған тор тәркіленіп алынды. Табиғатқа келтірген залалы 16 845 теңгені құрапты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 383-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша әкімшілік жаза ретінде 51 688 теңге айыппұл салынған.

Негізі браконьерлер Ақкөл, Билікөл секілді ірі көлдерді торуылдайтыны белгілі. Осы ретте біз «Шағын су айдындарында да заңсыздыққа жол беріле ме?» деген сұрақты Байзақ ауданы, Жетібай ауылы маңындағы Багара-2 су айдынының иесі Руслан Изделюповке қойдық.

Білгеніміздей, браконьерлер тек үлкен су айдындарында ғана емес, кішігірім тоғандарда да жүреді. Сондықтан уылдырық шашу кезеңінде кез келген судағы балықтарды қорғауды бір сәтке де назардан тыс қалдырмау керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ