Жамбыл жаңалықтары

Панажайлар пайдаланылмай тұр

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ветеринария саласындағы атқарылған жұмыстар қаралды.

Атап айтқанда, қаңғыбас иттерді аулау, ветеринариялық пункттер құрылысы, биотермиялық шұңқырлар мен ветеринар мамандардың айлықақысының уақытылы төленуі секілді мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиында алдымен облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы ветеринария саласына 4,2 миллиард теңге бөлінген.

Оның ішінде 37-сі әкімшілік ғимаратында, 12-сі жалға алынған, 21-і ескі ғимараттарда орналасқан. Былтыр жекешелік әріптестік арқылы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында типтік үлгідегі мал емдеу алаңы және тоғытпасымен қоса ветеринариялық пункт құрылысы жүргізіліпті. Биыл аталған типтік үлгіде 40 ветеринариялық пунктің құрылысын жүргізу жоспарланған екен. Құрылысқа арналған 28 жер телімі беріліп, бүгінгі таңда 14 ветпунктің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қажетті 10 жер телімі бойынша аудан әкімдіктері тарапынан нақты шешім қабылданбаған. Нақтылап өтсек, Мойынқұм мен Меркі аудандарында салынуы тиіс 1 ветеринариялық пунктің құрылыс нысаны анықталмаса, Қордайда дәл осындай 8 пунктің жер телімі мәселесі шешімін таппай отыр. Жоспарланған ғимараттардың құрылысын қаржыландыру жеке кәсіпкерлер және аудандық бюджет есебінен жүргізілетін болады. Атап айтқанда, 40 ветеринариялық пунктің 21-і кәсіпкерлер тарапынан қаржыландырылса, қалғаны бюджет есебінен салынады.

Биыл облыстағы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге 4,6 миллиард теңге бөлінген. Профилактикалық вакцинация бойынша барлығы 16,5 миллион манипуляция, қан сынамасын алу бойынша 5,6 миллион манипуляция жоспарланған. Аса қауіпті ауруларға қарсы қолданылатын ветеринариялық препараттардың қажетті көлемі Алматы қаласындағы Франко қоймасынан аудандарға 20-21 ақпан күндері толық жеткізіліпті.

Жыл басынан бері өңірімізде жалпы 1 491 790 төлді бірдейлендіру жоспары бекітілген екен. Бүгінде жоспарға сәйкес 210 730 төл бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізіліпті.

Облыс аумағында мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған 48 биотермиялық шұңқыр болса, биыл аудандар бюджеті есебінен 25 шұңқырдың құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде 6 аудан аумағында 13 шұңқырдың құрылысы жүргізілуде.

Өткен жылы анықталған ауру ошақтары адамдарға зардабын тигізуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қауіпсіздікке баса мән беру керектігін жеткізді. Сондай-ақ басқарма басшысынан мал етін сататын нүктелерге, өңірімізге сырттан келетін ет өнімдеріне жіті тексеріс жүргізу қандай деңгейде екенін сұрап, аудан әкімдеріне ветеринариялық пункт салуды жеделдетуді тапсырды.

Келесі кезекте басқарма басшысынан ветеринар мамандарды алаңдатқан айлықақы мәселесі қалай шешілгенін, мамандарды дарярлау ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

Бақыт Аязұлы тараған қауіпті аурулар облыс тұрғындарына еш зиян тигізбегінін айтып, ет өнімдерін саудалайтын орындарға санитарлық бақылау жіті жүргізіліп тұратынын жеткізді. Ветеринарлардың айлықақысы да шешімін тауып, уақытылы төленіп тұратынын айтып сендірді. Аудан әкімдері де ветеринариялық пунктің жер телімі көп ұзамай анықталып, құрылысы басталады деп уәде етті.

Мұнан кейін облыс әкімінің Байзақ ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы туралы қаралды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ