Елімізде креативті индустрияны дамыту қоры құрылады
ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында елімізде жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен креативті индустрияны дамыту қорын құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді,деп хабарлайды arainfo.kz
Министр Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында креативті индустрияны қолдаудың арнайы институтын құруды тапсырғанын атап өтті. Осылайша, заңнамаға сәйкес, креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – Креативті индустрияларды дамыту қоры болады. Қор Қазақстанның жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады және негізгі 4 бағыт бойынша қызметті жүзеге асырады:
Таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу).
Жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту).
Инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету).
Экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау).