Жаңалықтар

Ықпалды құрылымға айналған Құрылтай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланған еді. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады», – деген еді Президент. Көп ұзамай Ұлттық құрылтайдағы алғашқы басқосу – ұлт ұясы Ұлытауда, екінші дәстүрлі жиын – түркі жұртының қарашаңырағы Түркістанда, үшінші отырыс өткен жылы Жайық жағасында жалғасын тауып, шежірелі Атырауда өтті. Ал, Құрылтайдың кезекті жиынына жиналғандар күні кеше ғана Көкшенің көрікті жері – Бурабайда бас қосты.

ҰЛЫТАУДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ

Осыдан үш жыл бұрын елдегі ауқымды саяси өзгерістердің ізашары саналған жалпыхалықтық референдумнан кейін Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда ел дамуына қатысты көптеген мәселе сөз болды. Құрылтайдың 2022 жылы 16 маусымда өткен алғашқы отырысына қатысқан Мемлекет басшысы бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы елді бір іске ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтып, ол ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдірді.Президент Құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін түсіндірді. «Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», – деген Мемлекет басшысы алты алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады. Біріншіден, Президент жалпыұлттық бірлікті нығайту туралы айтты. Екіншіден, ол реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру бойынша жұмыстарға тоқталды. Үшінші мәселе – жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру. Жиында Мемлекет басшысы ел егемендігі туралы декларация қабылданған 25 қазандағы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, тәуелсіз елімізде ұлық мереке араға 13 жыл салып қайта тойлана бастады.

КИЕЛІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС

Ұлттық құрылтайдың келесі жылғы кезекті отырысы киелі Түркістанда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өтті. Келелі басқосуда көтерілген мәселелер ауқымы кеңейіп, бір жылғы жұмыстың қорытындысы шығарылды.

Сонымен қатар, ауқымды саяси жаңғыру жоспары туралы айтылды. «Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек», – деді Президент. Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Сол үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс істеуге тиіс. Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты 8 бағытына тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру, ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды. Осы Ұлттық құрылтайда Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай мен Марқакөл және Абай облысындағы Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын айрықша атап өткен жөн. 

АТЫРАУДАҒЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫН

Ұлытаудан басталып, Түркістанда табан тіреген Ұлттық құрылтай былтыр ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Жайық жағасындағы Атырауға жетті. Бұл Құрылтайда Президент төрт ауқымды инфрақұрылымдық кешеннің іске қосылғанын мәлімдеді. Кейінгі кезде елімізде жылуға қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. Мәселен, аймақтардағы жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Осыған байланысты ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйе жаңғыртылатыны, атап айтқанда, 55 жылу орталығы жөнделетіні айтылды. Сондай-ақ, отырыста көтерілген өзекті мәселенің бірі – халықты баспанамен қамтуға байланысты жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу болды. Негізінен, ауыл және аудан орталығы тұрғындарына арналған бұл жобада несие көлемін 7 пайыздан асырмау міндеттелді. Бұдан бөлек, 2024 жылы елімізде 12 мың шақырым жолға жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш деуге болады. Ал, келесі мәселе – халықты газбен қамту болды. Жыл ішінде кемінде 1 700 шақырым газ желілері жаңғыртылып, осылайша 300 мыңға жуық адамды көгілдір отынмен қамту міндеттелді.

Президент Атырауда өткен алқалы жиында төл тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеп, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Сонымен бірге, қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализм мен ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Жалпы, Ұлттық құрылтайда үш құндылық негізге алынған. Осы құндылықтар, атап айтқанда, мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде екенін таныту, ұлтты ұйысуға үндеу, мемлекет мүддесін бәрінен биік қою – жаңа қоғамдық шартты қалыптастыру кезінде еліміздің ең басты бағдары болады. Соңғы үш жыл ішінде Ұлттық құрылтай ел дамуына ықпал ететін, қоғамдық пікір қалыптастыратын тұрақты диалог алаңына айналып үлгергенін атап өткен жөн. Салмақты жиында тек мәселе айтылып қана қоймай, оны шешудің жолдары да қарастырылады. Мәселен, былтыр Атырауда өткен жиында белсенділер 149 ұсыныс көтеріп, нәтижесінде жылдың соңына дейін 9 заң қабылданды. Яғни, әйелдер құқығы мен бала қауіпсіздігіне қатысты заңдар бекітіліп, вейп өнімдерін сатуға тыйым салынды. Сондай-ақ, Президент вандализм мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты жазаны қатаңдату туралы құжатқа да қол қойды. Мұның барлығы Ұлттық құрылтайдың қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешімдер ұсынатын ықпалды құрылымға айналып келе жатқанының айғағы.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП