Жаңалықтар

Мемлекет басшысының атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді,деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Президент жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатқанына, ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы ислам – тазалықтың діні екенін алға тартып, өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, қазіргідей геосаяси ахуал күрделенген алмағайып кезеңде ынтымағымызды нығайта түсу маңызды екенін еске салды.