Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімге де тоқталды, деп хабарлайды arainfo.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті нығайтуда мәдениеттің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Ол әсіресе, Әз-Наурыз мейрамының маңыздылығын ерекше белгіледі. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, Ұлыстың ұлы күні 14 наурыз – Амал күнінен басталып, он күн бойы тойланатын болды. Әр күнге арнайы атау беріліп, бұл бастама халық тарапынан жылы қабылданды.
Әсіресе, "Ұлттық киім күні" көпшіліктің қолдауына ие болып, ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Президент мектептерде, мекемелерде және ірі компанияларда ұлттық киім кию дәстүрге айналып келе жатқанын атап өтті. Осы сұранысқа байланысты жаңа тігін цехтары, отандық брендтер мен дүкендер ашылып, ұлттық киім кию күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуда.