Бабурдың «баспалдақ» роботы
Меркі ауданындағы №48 орта мектептің 8-сынып оқушысы Бабур Райымбаев ерекше әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Өнертапқыш өрен мүгедектігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдету мақсатында «Баспалдақ» роботын құрастырды.
Бүгінде робототехника – тек ойыншықтар мен өндірістік машиналар ғана емес, адам өмірін жақсартуға бағытталған инновациялардың бір бөлігі. Ғылым мен технология күн сайын дамып, жаңа мүмкіндіктер сыйлауда. Осы тұрғыда робототехника саласындағы білімді кеңейту өте маңызды.
Жас өнертапқыш бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіп, LEGO Mindstorms EV3 конструкторының көмегімен роботтың алғашқы прототипін жасап шығарған. Бұл құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандарға баспалдақпен көтерілуге мен түсуге көмектесуге арналған.
Бабур роботтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы гироскопиялық сенсор орнатыпты. Ал роботты әзірлеу барысында дөңгелектердің диаметрін дұрыс таңдаудың маңыздылығы анықталған. Себебі құрылғы баспалдақпен көтерілгенде тұрақтылықты сақтауы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламалау кезеңінде қозғалысты басқару үшін арнайы алгоритм жасалған.
Жобаның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Сәуле Болатбекқызы да бұл жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті:
Бүгінде мүгедектігі бар жандар үшін «кедергісіз орта» құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті мұндай инновациялық құрылғылар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін таптырмас көмекші болмақ.
Бабур мен оның ұстазының еңбегі болашақ инженерлер мен өнертапқыштарға шабыт сыйлап, мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист