Жастар

Құмыра жасаудың да құпиясы көп

Қазақ даласы, әсіресе Тараз шаһары – ежелден қолөнершілердің мекені екені айнымас ақиқат. Сондықтан сазбалшықтан құмыра жасау – ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ерекше өнердің бірі.

Бүгінгі күнде бұл өнер ата-баба мұрасын заманауи үлгіде жаңғырту мен мәдениетті дәріптеудің маңызды құралына айналды. Әсіресе жастар арасында қыш өнеріне деген қызығушылық қайта жанданып, сәнге айналуда. Сұраныс бар жерде табыс бар. Сондықтан соңғы кезде құмыра жасау орталықтарын ашу шығармашылыққа жаны құмар жандар үшін ерекше табыс көзі болып отыр. Осы бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, құмыра жасау өнерін дамытып жүрген шеберлердің бірі – Әсем Мүсралиева.

Жуырда Әсем Қуатқызының жетекшілігімен ашылған «SOUL_SAT_TRZ» арт-студиясына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Студия ішінде жанға жайлылық сыйлайтын тыныш әрі романтикалық атмосфера қалыптасқан.

Шебердің айтуынша, бір құмыра жасауға орта есеппен жарты сағат уақыт кетеді. Алдымен саз балшықты шеңберге ұстату үшін кішкентай ғана сазды шеңбердің ортасына қою керек. Одан кейін сазды бар күшіңізді салып жапсырасыз. Сазбалшық қатты жабысуы тиіс. Себебі жұмыс кезінде шеңбер айналғанда, саз дұрыс жабыспаса, жасаған бұйымыңыз ойыңыздағыдай шықпайды. Құмыра жасау барысында үнемі суды қолданып отыру қажет. Өйткені саз құрғап кетпеуі тиіс. Құмыра жасаушылар өздері сазбалшықтың биіктігін көтеріп, қалаған пішінге келтіреді.

Бұдан соң дайын болған ыдыстың сыртын ангоб бояумен әрлеп, оны күн түспейтін, қалыпты температурада сақтап кептіру қажет. Дайын болған құмыра біртіндеп құрғай бастайды. Ең соңында арнайы пеште жоғары температурада күйдіріледі, бұл оған беріктік береді.

Әсем Қуатқызы түсіндіріп өткендей, құмыра жасау әртүрлі техникамен орындалады. Оған су, арнайы тазалайтын құрал, темір және қыш ыдыстың сыртын тегістеп алатын құрал қажет болады. Құмыра жасау үшін арнайы дайындалған саз керек. Кәсіпкер оны Қонаев қаласынан алдыртады.

Шеберхана клиенттерге бірнеше қызмет ұсынады. Мәселен, 7 990 теңгелік VIP пакеттің ішіне шеберлік сабағы, 1000 грамм саз балшық, 2 түрлі саздан таңдау мүмкіндігі, қалаған пішінде бұйым жасау, дайын бұйымды өзімен бірге алып кету, ангоб (бояу), фотосессия және кәсіби видео монтаж кіреді. Стандарт пакеттің бағасы 6 990 теңге. Бұл бағаға келушілер шеберден дәріс алып, 700 граммдық 2 түрлі саз таңдау мүмкіндігіне ие болып, қалаған пішінде бұйым жасап, құмырасын бояп және фотосессияға түсе алады. Сондай-ақ әдемі атмосферада жақыныңмен бірге дайындаған бұйымыңды өзіңмен бірге алып кете аласың. Бұдан бөлек, 5 990 теңгелік қолайлы пакет пен 2 990 теңгелік балаларға арналған арнайы бағдарлама бар, бұл пакеттер отбасы мүшелері мен балалар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы.

Шебердің дарынды шәкірттерінің бірі Алихан Арманның анасы Феруза мұндағы сабақтардың қызықты өтетінін айтып, жас кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Кейіпкеріміздің шеберханасының тағы бір ерекшілігі – мұнда ерлі-зайыптылар «гендер пати» жасап, болашақ сәбилерінің жынысын анықтай алады. Одан бөлек шеберханада картина салуға да қолайды жағдай жасалған.

Бабадан жеткен құмыра жасау өнері уақыт өте жоғалып кетпей, қайта жаңғырып, жаңа бағытта дамуына Әсем секілді шеберлердің қосып жүрген үлесі зор. Қалай дегенде де қолөнердің осындай түрлеріне деген қызығушылықтың артуы – мәдениетімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің бір жолы екені анық.

Әсем Қуатқызы болашақта бүлдіршіндерге арналған арнайы курстар ашып, өнімдерін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ