Иесіз жер халық игілігіне
«...Жер атадан қалған мұра емес. Біз оны келер ұрпақтан қарызға алғанбыз...» деген екен Сұлтан Бейбарыс. Дешті Қыпшақ даласынан Мысыр еліне құл ретінде сатылып, осы елдің билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген ұлы бабамыздан қалған осы сөздер тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының жадында болуы тиіс.
Өйткені қоғамда жүргізілген реформалар барысында бұрынғы ұжымшар мен кеңшарлардың пайдалануында болған егістіктер мен жайылымдар, шабындықтар мен көпжылдық екпелер (бау-бақшалар мен жүзімдіктер) бөлініске түсіп, жекеменшікке немесе ұзақ мерзімге жалға берілгендіктен оны болашақтың еншісі емес, өзінің мұрасындай көретін адамдар бар. Өзіне тиесілі жерді игеріп, игілігін өзімен қоса қоғам көріп отырса мейлі екен. Тіпті мыңдаған гектар жердің қараусыз қалып, арамшөп немесе бұта басып кеткендіктен айналымнан шығып қалғаны да жасырын емес.
Біздің облыс аграрлы-индустриялды аймақ болып есептеледі. Қолда бар жер қорының 72 пайызы егін және малшаруашылықтарын дамытуға қолайлы. Бұл аграрлық саланы дамыту мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетеді. Рас, соңғы жылдары осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда назар аударылып, мән беріле бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі нақты тапсырмалары бар.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабына сәйкес Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндетті. Жерді игермеу фактісі орын алған жағдайда бақылаушы орган арқылы жерді пайдаланбағандар «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 338-бабы бойынша жауапқа тартылады. Нақты айтқанда, ауылшаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау фактісі бойынша ескерту жасалады немесе жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасының Жер және Салық Кодекстерінің талаптарына сәйкес мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша базалық салық мөлшерлемелері меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға, объектілерді салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе заңға қайшы пайдаланылатын жер учаскелері бойынша уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша жасалған уақытша өтеулi жер пайдалану шарттары негізінде есептелген төлемақы сомасы он және жиырма есеге ұлғайтылатындығы белгіленген.
Мысалы, Меркі ауданының тұрғыны Н. есімді азаматқа шаруа қожалығын жүргізу мақсатында берілген 225,12 гектар жер учаскесіне жылдық салық мөлшері 2 280 теңге болып белгіленген. Алайда аталған азамат жерін мақсатына сай пайдаланбағаны үшін салығы 20 есеге көтеріліп, 55 674 теңге төлеуде. Сондай-ақ, Тараз қаласында Д. есімді азаматқа сауда-тұрмыстық және сауықтыру кешенін жүргізу үшін көлемі 0,054 гектар жер учаскесі үшін 4 950 теңге жерге салық төлеп келсе, жерді игермегені үшін салығы 10 есеге ұлғайтылып, қазір ол 49 518 теңге төлеп жатыр.
Бұдан бөлек, бақылаушы органның нұсқамасы орындалмаған жағдайда, яғни жер пайдаланушы ескеріліп, жерін пайдаланбаса кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау да заң алдында жауап беруге міндеттейді. Мысалы, осындай заңбұзушылықтың соңы жеке тұлғаларға – 5, лауазымды адамдарға – 15, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 92-94-баптарының нормаларында көзделген пайдаланусыз жатқан жерді мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бақылаушы орган тарапынан сот органына жолданады.
Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес, конкурс арқылы пайдалануға ниет білдірген азаматтарға және ауылшаруашылығы ұжымдарына берілетін болады. Жер нақты жұмыс істеймін деген жерге мұқтаж адамдардың қолында болуы тиіс.
Бұл бір ғана мысал. Осы орайда барлық ауылшаруашылығы немесе кәсіпкерлік мақсаттағы меншік иелері мен жер пайдаланушылар жерді мақсатына сай пайдаланып, пайдаланбаса мемлекет меншігіне қайтаруына тура келеді. Сондықтан жерді тиімді пайдалануға тырысайық.
Данияр ӨТЕПОВ,
облыс әкімдігі жер қатынастары
басқармасының басшысы