Әлеумет

Әркімнің заң көмегін алуға құқығы бар

Қазақстан Республикасының Конституциясында әрбір адамның білікті заң көмегін алу құқығы көзделген. Ата Заңның 13-бабының 3-тармағында «Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі» - деп жазылған.

Елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан құқықтық реформалардың көздеген міндеттерінің бірі – халықтың құқықтық мәдениетін көтеріп, кім болса да өз мүддесін тек заңға жүгіне отырып, тиімді қорғай алуына жағдай жасау екендігі көпке мәлім. Расында да, бүгінгідей барлық сала дамуға бет бұрған кезеңде заңның көмегіне жүгінудің қажеттілігі күшейіп тұр. Кез келген адам, мейлі ол қызметкер болсын, жұмысшы болсын, кәсіпкер немесе қарапайым адам болсын, басына түскен әрқилы жағдайлар бойынша заңның көмегіне жүгіну керектігін түсінді. Мемлекетіміз осы мақсатта тиісті заңнамаларды жетілдіріп, тиімді іс-шараларды қарастырып,  бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып келеді.

Заң көмегін ұйымдастыру және көрсету мемлекеттік органдарға, құқық қорғау саласы мен арнайы құрылған қоғамдық ұйымдарға жүктелген. Сондай-ақ, барлық уәкілетті органдар қабылданған нормативтік құқықтық актілермен танысу үшін мүдделі тұлғаларға оларды қолжетімді етуге де міндетті.

Азаматтар мен заңды тұлғаларға білікті заң көмегін көрсету жолында адвокаттардың атқарар еңбегі ерекше. Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Заңына сәйкес, білікті заң көмегін жоғарғы заңгерлік білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және заң тәртібімен адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін адвокаттар атқарады.

Қоғамдағы сұраныс пен талаптың артуына байланысты құқықтық көмек көрсетуді тек адвокаттарға жүктеп қана қоймай, қолжетімді басқа да балама түрлерін қарастыру қажеттігі ескеріліп, жоғарыда аталған Заңға заң консультантының заң көмегін көрсету тәртібі енгізілген болатын.

Заң консультанты қажетті көмек алуға жүгінген тұлғаға ел заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда ол мұқтаж кез келген заң көмегін көрсетуге құқылы. Осы ретте, жоғары заңгерлік білімі бар, заң мамандығы бойынша мол тәжірибеге ие, аттестаттаудан өткен жекелеген заң консультанттар өзін-өзі басқаратын бір ұйымға, яғни палатаға бірігіп қызмет атқарып келеді.

Бұл жұмысқа әдетте сот, прокуратура, тергеу секілді заң саласында тәжірибе жинақтаған, біліктілігі жоғары мамандар келеді. Аталған сала қызметкерлерінің де еңбегі инемен құдық қазғандай. Әділдікті сан жамау жаладан, заңсыздықтан аршып алу үшін терең білім мен ыждағаттылық керек. Сондай-ақ, біреудің жеке өміріндегі құпиясы мен сырын білуге тура келетін сәттер де қызмет бабында кездесіп жатады. Өзгенің құпиясына беріктік те – біліктіліктің кепілі. Қорғауына алған істің ақ-қарасын анықтау үшін қаншама заң актілерін қопарып, сұрау жолдап, тезірек жауап алу үшін мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға да тура келетін жағдайлар болады. Әр адам заң көмегін көрсететін тұлғадан нақты бір нәтиже күтетіні ақиқат. Сондықтан бұл қызмет психологиялық тұрғыдан да өте ауыр. Заң көмегі заң шеңберінде, қараудағы істің мән-жайына қарай көрсетіледі. Мәселен, сотта жеңіліп қалса, кінәнің барлығын адвокатына аудара салатындар да болады.

Іс қарау барысында судьяның әділ шешім шығаруына адвокаттар мен заң консультанттарының да ықпалы бар. Олардың заң көмегін көрсетуде қажетті ақпараттардан хабардар болып отыруы маңызды. Қорғалушысына құқықтық көмек көрсете отырып, сот отырысы барысында назардан тыс  қалып қойған, алайда өте маңызды айғақтарды ұсынады.

Адвокаттар мен заң консультанттары заңдарға енгізілген өзгертулер мен түзетулер, күшіне енген жаңа норма, ереже жөнінде қашанда біліп, хабардар болып отыруы қажет.