Қоғам

Үйірмелер үмітті ақтауы тиіс

Үйірмелерді баланың бойында бұғып жатқан таланты болса жарыққа шығарып, қабілетін ашуға, дамытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды тәрбие көзі десек қателеспейміз. Әсіресе жеткіншектердің бос уақытын тиімді пайдалануына тигізер септігі мол.

Дегенмен, білім беру мекемелеріндегі түрлі үйірмелердің балаға берері өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал ұлттық мәдениетті қалыптастырумен қатар оқушының халықтың рухани мұрасын құнттауына ықпал ететін шығармашылық үйірмелердің жайы бір басқа. Бұл тұрғыда облыстағы түрлі мәдени ошақтардың үйірмелер жұмысын жүйелеуде атқарып отырған жұмысы талапқа сай ма, балаларды түрлі бағыттағы үйрімелерге тартуда қандай кемшіліктер бар? Міне, біз осы мәселеге назар аударған едік. Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаевтың айтуынша, кейбір аудандар халық шағармашылығына қатысты мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу ісіне немқұрайдылықпен қарайды екен. Одан бөлек ауылдық жерлердегі шығармашылық үйірмелерді дамытуда бірқатар кедергілер бар көрінеді.

Аудандарда шығармашылық маман тапшылығының орын алуы мәдениет ошақтарында білікті үйірме жетекшілерінің жетіспеуін көрсетсе керек. Балаларды үйірмемен қамтуда жеке кәсіпкерлердің басым болуы да мемлекеттік мекеме саналатын мәдениет үйлеріне қарағанда, бизнес өкілдері ұйымдастырған үйірмелерге балалардың қызығатынын айғақтайды. Ал сынып-сыныпты аралап, оқушылармен әңгімелесіп, оларды мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын үйірмелерге тартуда мамандардың тиісті деңгейде жұмыс істемеуі салдарынан мемлекеттік үйірмелердің бәсекеге қабілеттілігі төмендеген деп ойлаймыз. Ғимараттардың да жеке кәсіпкерлерге жалға берілуінің көрініс табуы бізді ойландырмай қоймады. Осы ретте біз алдымен Шу аудандық мәдениет үйінің директоры Айнұр Рахымбаеваға хабарласып, шығармашылық маманы штатының неліктен  гардеробшыға ауыстырылғанын сұрадық.

Қордай аудандық мәдениет үйі және оған қарасты ауылдық мәдени ошақтарда осы жылдың үш айында клуб құрылымы 10 үйірмеге өсіпті. Атап айтқанда, 2 домбыра, 1 вокал, 3 көркемсөз, 2 қолөнер, 1 робототехника, 1 бейнелеу үйірмелері ашылып, клуб құрылымына қатысушылардың  жалпы саны 189-ға артқан екен. Отар ауылдық мәдениет үйінің домбыра үйірмесіне 16 бала, көркемсөз үйірмесіне 18 бала, әжелер үйірмесіне 5 адам жазылған.  Бетқайнар ауылдық мәдениет үйінен көркемсөз үйірмесі ашылып, оған 10 бала келіп жүр. Сонымен қатар  Қарасу ауылдық мәдениет үйінен би үйірмесіне 1 бала, бейнелеу өнеріне 5 бала, қолөнерге 2 бала қатысады екен. Жалпы үйірмеге қатысушылар саны осылай 1924 адамды құрапты. Осы мәліметті берген аудандағы тиісті мамандар неліктен Қайнар ауылдық мәдениет үйіндегі жұмыс істеп тұрған үйірменің жабылып, ғимараттың жеке кәсіпкерге жалға берілгені жөнінде жақ ашпады. Бір анығы, бұл жағдай былтыр анықтала сала аудандық мәдениет және тілдерді бөлімінің басшысы, мәдениет үйінің директоры түсініктеме жазып, жеке кәсіпкермен жалдау шарты бұзылған екен.

Біздің мақсатымыз кеткен кемшілікті жария етіп, көпшіліктен сүйінші сұрау емес. Мүмкін мемлекеттік мәдениет үйлерінің, клубтардың жұмысын жүйелеу, балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін мәдениет үйлеріндегі үйірмелерді жандандыру қажет шығар. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті мамандарды тарту керек.

Негізі шығармашылық мамандарға көңілге қонымды айлықақы төлеп, үйірме ұйымдастырылатын нысандардың материалдық базасын талапқа сай етсе артық болмайды. Үйірме жетекшілерін ынталандырып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасағанда ғана маман тапшылығы жойылуы мүмкін. Әйтпесе талай талантты тудырған ел ішінен үйірмеге жетекшілік ететін мамандардың табылмауы мүмкін емес.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ