Ардагерлер ән шырқады
Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс туы желбіресін» атты ардагерлер арасында патриоттық әндер байқауы өтті.
Халық шығармашылығын жандандыру, қариялардың асыл қасиетін, үлгі-өнегесі мен тәлім-тағылымын жастардың бойына сіңіру, майдангерлердің ерліктерін әскери әндер арқылы насихаттауды мақсат еткен байқауды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, ақжарма тілегін арнады.
Байқау барысында 20 сахналық нөмір көрермен назарына ұсынылып, патриоттық әндер шырқалып, арнайы қойылым да көрсетілді. Қатысушылар вокал, аспапта ойнау, хор ұжымы, хореография және поэзия бағыттары бойынша бақ сынады.
Гала-концерт қорытындысы бойынша «Әулиа ата», «Асыл аналар», «Марычка», «Калинка» ардагерлер ансамбльдері мен белсенді ұзақ өмір орталығының қызметкерлерінен құралған «Ғұмырдария» тобына 50 мыңдық сертификат берілді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға да сыйлықтар үлестіріліп, арнайы алғысхаттар табысталды. Іс-шара соңында келген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, барлық ардагер қатысушылар естелік суретке түсті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ