Брифинг

Ауру – астан

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Алибаеваның қатысуымен «Тамақтан уланулардың алдын алу» тақырыбында брифинг өтті.

Салтанат Қордабайқызы тамақтан уланудың себеп-салдары мен алдын алу шараларына тоқталды. Оның айтуынша, тамақтан улану – табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін, ластанған тағамдарды тұтыну салдарынан туындайтын ауру. Ол жұқпалы емес, алайда ас қорыту жүйесінің бұзылуымен қатар жүреді. Аурудың негізгі себебі – микроорганизмдер мен бактериялардың ағзаға тамақ арқылы түсуі.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жүргізген талдау нәтижесі бойынша, жедел ішек инфекцияларының 78 пайыздан астамы жеке гигиенаның сақталмауы және үй жағдайында дайындалған тағамдарды тұтынумен байланысты екені анықталған. Облыс аумағында 2024 жылы қоғамдық тамақтану орындары, сауда орындары, білім беру мекемелері мен медициналық ұйымдарға қатысты жаппай улану немесе тағамдық инфекцияның өршу жағдайлары тіркелмеген. Дегенмен, ботулизм диагнозымен 6 жағдай тіркеліп, 7 адам зардап шеккен. Оның төртеуі Тараз қаласында, біреуі Қордай ауданында, тағы бірі Сарысу ауданында орын алған. Барлық жағдайлар тұрмыстық жағдайда дайындалып, сақталған консервіленген көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынумен байланысты болған.

Тамақтан уланудың алдын алу үшін санитариялық мамандар үш негізгі қағиданы сақтауға кеңес береді. Біріншіден, тағамның бактериялармен ластануына жол бермеу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, екіншіден, бактериялардың көбеюінің алдын алу үшін тамақ өнімдерін дұрыс сақтау, үшіншіден, тағамды термиялық өңдеуден өткізу арқылы зиянды бактериялар мен токсиндерді жою. Мамандардың айтуынша, кейбір өнімдердің сыртқы түрі мен дәмі өзгермеуі мүмкін, алайда олардың құрамында қауіпті бактериялар болуы мүмкін. Сондықтан өнімдерді сатып аларда олардың жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне назар аудару қажет. Тамақ дайындау кезінде жеке тазалықты сақтап, дайын өнімдерді дұрыс сақтау маңызды. Бұзылған тағамдарды тұтыну денсаулыққа үлкен қауіп төндіретіндіктен, күмән тудыратын өнімдерді дереу жойған жөн.

Сондай-ақ, брифинг барысында мамандар тамақтан уланудың алдын алудағы он негізгі ережені атап өтті. Атап айтқанда, жарамдылық мерзімі өткен немесе қаптамасы зақымдалған өнімдерді тұтынбау, шикі тағамдарды мұқият жуу, ет пен құс өнімдерін толық пісіру, дайын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ сақтамау, азық-түлікті тоңазытқышта сақтау, тамақты қайта қыздырып тұтыну, шикі және пісірілген өнімдерді бөлек сақтау, қолды жиі жуу, ас үй тазалығын сақтау, тамақты жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау және тек таза суды пайдалану қажеттігі айтылды.

Егер улану белгілері байқалса, тез арада дәрігерге жүгіну қажет. Мамандардың айтуынша, қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау арқылы тағамнан улану мен жедел ішек инфекцияларының алдын алуға болады.

Айжан ӨЗБЕКОВА