Жыл басынан бері 113 өрт шығу дерегі тіркелді
Облысымызда жыл басынан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық алдын алу шаралары барысында 12 586 тұрғын үйді аралаған. Жылыту маусымы кезінде өрт салдарынан адам өлімінің алдын алу үшін 27 689 азаматқа нұсқаулық таратылған. Сондай-ақ жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 293 жиын ұйымдастырылып, оған 3 516 тұрғын қатысқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте айтылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік өрт бақылауы, тілсіз жаудан туындайтын қауіп-қатерлерді төмендету, су басудың алдын алу, қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік тақырыптары сөз болды.
Жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков баяндама жасады. Ералы Нұрғалиұлының айтуынша биыл өрттің алдын алу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлерінде 3 837 датчик орнатылған. Тарқатып айтсақ, 935 көміртегі тотығын анықтау датчигі, 282 табиғи газды анықтау датчигі, 20 түтін газы қойылған.
Мұнан соң облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Байзақов баяндама жасап, қадағалау және бақылау жұмыстарына тоқталды.
Былтыр «Қаруландыру жоспары» бойынша қадағалауда тұрған 16 кәсіпорында 77 тармақ жоспарланып, барлық тармақтар өз мерзімінде орындалған екен.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ