Әке өнегесі бәрінен қымбат
Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияда Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Әке жолы – ізгі жол» тақырыбында әкелер форумы өтті.
Форумның мақсаты – әкеленің бала тәрбиесіне атсалысуындағы өзіндік рөлі мен ұрпақ сабақтастығы барысындағы қарым-қатынасының ашықтығын күшейту. Сондай-ақ ізгілік пен игіліктен бастау алған қамқорлығы мен ұрпақ құрметімен өлшенетін әке статусының беделін биіктете түсу осы іс-шараның басты мақсатының бірі болды.
Форумға қала мектептерінен 78 әкелер кеңесінің төрағасы мен 28 директордың орынбасары қатысты.
Әр отбасы ардақ тұтып, әр перзенттің асқар тауына айналған әкелер құрметіне арналған іс-шараны аталған гимназия директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талас Ибрагимов ашып, жүргізді.
Форумның шымылдығы «Бала тәрбиесі – басты құндылық!» атты сахналық қойылыммен түрілді. Онда жұмысбасты әкенің бала тәрбиесіне назар аудара алмағандығының салдарынан ұлы ойынқұмарлық дертіне душар болып, соңында суицидке барып, өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл көрініс арқылы ұйымдастырушылар әкелерге бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін ұқтырды.
Алғашқы сөз кезегі Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасовқа берілді. Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев «Отбасы құндылығы – маңызды мәселе», Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев «ҚР Адам құқығы – бала құқығы!» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратовтың «Қазіргі заман отбасында тұлға қалыптасуында әлеуметтену процесінің орны», Тараз қалалық әкелер кеңесінің төрағасы Сейтхан Тотаевтың «Әкенің отбасындағы рөлі», «Сенiмен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжановтың «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыбында баяндамасы тыңдалды.
Сонымен қатар «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев пен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесінің мүшесі Сейсекүл Исматова да сөз алып, әкелердің қадір-қасиеті, тұлғалық болмысы туралы әңгіме өрбітті.
Жиын соңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы форумға белсенді қатысқан азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ