Брифинг

Диқандар науқанға сақадай сай

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаевтың қатысуымен брифинг өтті. «Көктемгі дала жұмыстары және қант қызылшасын дамыту» тақырыбында баяндама жасаған спикердің айтуынша, 2025 жылы жалпы 659,9 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланыпты.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 372 мың гектарға, майлы дақылдар – 40,2 мың, қант қызылшасы мен картоп алты-алтыдан – 12 мың, көкөніс дақылдары – 34,9 мың, бақша дақылдары – 14,1 мың, мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарға егіледі. Осы жылдың өнімі үшін өткен жылы 156 мың гектар алқапқа күздік бидай дақылы орналастырылыпты.

Осы жылы өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, межені артығымен орындап, 108,3 пайызға өсім көрсету жоспарланыпты.

Спикердің сөзіне сүйенсек, өңір шаруалары науқандық жұмысқа сақадай-сай. Оларға керекті материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Н.БОЛАТҰЛЫ.