Білгім келген бір сұрақ?

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай?

Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жұмыстың жай-күйі қаралды.

Жиын «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Жұмахан Тәңкебаевтың төрағалығымен өтті.

Кеңесте қаралған мәселе бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұлұлы баяндама жасады.

Облыстық филиал бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар есебіндегі барлығы 301 236 азаматқа республикалық бюджеттен 300 миллиард теңге төленіпті. Сол секілді 41 175 тұрғынға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 56,1 миллиард теңге, бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры арқылы 8,1 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні мемлекеттік корпорация есебінде жасына байланысты 139 581 зейнетақы алушы, 161 655 жәрдемақы алушы тіркелген.

Сонымен қатар баяндамашы Тараз қаласынан автодром ашу туралы ойын жеткізді. Бұл жағдайда жүргізуші куәлігін алғысы келетін үміткердің сынақ алаңында практикалық сабақтардан өтіп барып, тиісті куәлікті алуына мүмкіндік берілмек.

Баяндама аяқталған соң «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, кеңес мүшелері Ерғали Омаров, Нұржан Адилов сапасыз көрсетілген қызметтер, жүргізуші куәлігін алатын кезге ортада жүретін делдалдар мәселесі шешілсе деген ұсыныстарын ортаға салды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ