Жастар

Жас зерттеушілер көкөністен энергия өндіруге ниетті

Меркі ауданындағы №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның 3-сынып оқушылары Бейсен Айсезім мен Ермек Айсезім электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндіру бойынша ерекше ғылыми зерттеу жүргізді. Бастауыш сынып мұғалімдері Шынар Ермаханбетова мен Райхан Бабижанова жас зерттеушілерге барынша бағыт-бағдар берген.

Жеткіншектердің қызығушылығы күнделікті тұрмыстағы экологиялық мәселелерден туындаған.

Жас зерттеушілер алдымен батареяның жұмыс істеу принципін зерттеп, Луиджи Гальвани мен Алессандро Вольтаның тәжірибелерімен танысады. Осылайша олар электр тогының пайда болу заңдылықтарын түсінеді. Сонымен қатар қазіргі заманғы батареялардың құрамы мен олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін зерттеу арқылы экологиялық мәселелерді тереңірек қарастырды.

Зерттеу жүргізудегі негізгі мақсат – көкөністер мен жемістерден батарея жасау. Ол үшін оқушылар картоп, лимон, қызылша, пияз, тұздалған қияр және басқа да табиғи өнімдерді пайдаланып, олардың кернеу өндіру қабілетін салыстырады. Сонымен қатар әр көкөністің ішіндегі қышқыл мөлшерінің ток өндіруге әсерін зерттеп, нәтижелерін мұқият тіркеп отырған.

Оқушылар тәжірибе барысында алынған электр энергиясын қолдану үшін бірнеше көкөніс батареясын тізбекке қосып, жарықдиодты шамды жағады. Сондай-ақ олар шағын сағатты қуаттандыруға тырысып, алғашқы нәтижелерін тіркеді. Бұл зерттеу олардың теориялық білімдерін іс жүзінде тексеруге мүмкіндік берді.

Жас зерттеушілер өз жобалары арқылы батареялардың қоршаған ортаға зиянды әсерін анықтап қана қоймай, оларды экологиялық таза қуат көздерімен алмастыруға болатынын дәлелдеді. Бұл зерттеу олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақта энергия өндірудің экологиялық таза жолдарын іздеуге ынталандырды.

Осылайша ғылымға құмар жасөспірімдер үлкен ғылыми жаңалық ашуға алғашқы қадам жасады. Мүмкін болашақта олардың идеялары «жасыл энергия» саласындағы жаңа технологиялардың дамуына ықпал ететін болар. Олардың бұл зерттеуі баламалы энергия көздерін дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосады.

Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист