Жамбылдық жеткіншектердің жарқын жетістіктері
Атырау қаласында республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңі өтті. Білім бәсекесіне облыстан 14 оқушы 13 жобамен қатысып, 12 оқушы жеңімпаз атанды.
Атап өтер болсақ, Тараз қаласы, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Нұрай Жолшыбек пен Меркі ауданы, Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 орта мектептің 11-сынып оқушысы Диас Жолшыбек жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар Диас Жанболатұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім грантын иемденсе, 6 оқушы күміс медальмен, 4 оқушы қола медальмен марапатталды.
Ал Ақтөбе қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңіне облыстан 33 оқушы аттанған болатын. 21 оқушымыз жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылды.
Сайыс барысында Талас ауданы, Барбол Тоқтықожа атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсая Ахан алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, күміс медальмен 6 оқушы, қола медальмен 11 оқушы марапатталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім грантын Дінмұхаммед Иманалыұлы, Берлік Нұрмұхаммед, Айзере Кеңес және Әсілбек Шапағат жеңіп алды.
Қарлығаш НҰРБАЕВА,
«Жамбыл дарыны» аймақтық
ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы