Мәшһүр-Жүсіп оқуларының облыстық кезеңі өтті
Облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 8-11-сынып оқушылары арасында республикалық Мәшһүр-Жүсіп оқуларының облыстық кезеңі өтті.
Философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, шығармаларында бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстанымды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуды мақсат тұтқан жарыс Абай атындағы мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гимназияда өтті.
Байқауға 58 оқушы қатысты. Сайысқа қатысушылар 5 бағыт бойынша сынға түсті. Атап айтқанда «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағыты бойынша Мәшһүрге өз шығармаларын арнады. «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бөлімінде шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін, адамзат, ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жоба әзірлеп және оны қорғады.
Сол секілді «Білімді зерек адам болам десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен» айналымында ұлы баба шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып, эссе жазды.
«Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы фольклорлық мұрасы. Хандар, батырлар» бағыты бойынша ғұламаның фольклорлық жазбаларынан келесі тізімде көрсетілген екі топтың ішінен бір тұлғаны таңдап, сол тұлға туралы толық мәлімет жеткізе білуі және деректерінің мәнін жүйелеп талдау талап етіледі.
Сондай-ақ оқушылар «Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы фольклорлық мұрасы. Би-шешендер, жырау-ақындар» бағыты бойынша ғұламаның фольклорлық жазбаларынан келесі тізімде көрсетілген екі топтың ішінен бір тұлғаны таңдап, сол тұлға туралы толық мәлімет жеткізе білуі және деректерінің мәнін жүйелеп талдады.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені 5 оқушы, бірінші орынмен 5 оқушы, екінші орынмен 10 оқушы, үшінші орынмен 15 оқушы марапатталды.
А. БЕКЕНҚЫЗЫ