Мәдениет

Ізгілік нұры сөнбеген

Жуырда Қордай ауылындағы «Олимп» биллиард орталығында биллиярдтан халықаралық турнир өтті. Екі күн бойы Алматыдан, Бішкектен (Қырғызстан), облысымыздың басқа да аудандарынан сексеннен аса тастаяқ шеберлері келіп қатысқан жарыс Рашид Сағатұлын еске алуға арналды. Өткен жылы ғана ердің жасы елуге келіп айықпас дерттен көз жұмған бұл азамат Қордайда биллиярд ойынының қалыптасып дамуына үлкен үлес қосқан-ды. Жарысты ұйымдастырған да, бір жарым миллион теңгелік жүлделер қорын тіккен де Рашидтің бауырлары, достары және әкесі Сағат ақсақал болатын.

Қордайлықтарға Сағат Алдабергенұлы сонау сексенінші жылдардан бері мәлім. Ол қызмет бабымен 1983 жылы Мойынқұмнан Қордайға ауысып, содан бергі қырық жылдан аса уақытта  «тастай батып, судай сіңіп», бұл жақтың  өз адамына айналып кеткелі қашан. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітіріп туған жерінде  алғаш мектепте математика пәнінің мұғалімі, кейіннен аупарткомда нұсқаушы, кеңшар партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарып келіп,  Қордайда бес жылдай Чапаев атындағы ұжымшардың бас экономисі, ал зайыбы Қаракемер мектебінде математика пәнінің мұғалімі болды. Одан кейін «Искра Ленина» ұжымшарында, аудандық ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау  мекемесінде жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында   аудандық медициналық сақтандыру мекемесін басқарып, сол тұста қаржы тапшылығынан қысқа жібі күрмеуге келмей жатқан аудандық денсаулық сақтау  жүйесінің жүгін жеңлдетуге атсалысты. Одан кейін бірер жыл аудан орталығындағы экономикалық колледжде математикадан дәріс бергені бар.   Қай жерде де ол өзінің бойға біткен жоғары кісілік қасиеттерімен, қызметте адалдығымен қиыспас жаңа достар, жекжат-жұраттар тапты. Кенже ұлы Сержан осы Қордай жерінде дүниеге келсе,  пединститутта қатар оқи жүріп  көңіл қосқан зайыбы Фатима  о бастан қордайлық, талай ақын-жыраулардың туындыларына арқау болған жер жәннаты Сұлутөрден еді. Фатиманың әкесі көкірегі қазынаға толы әңгімешіл, ақынжанды азамат Мырзахмет Нүсіповты сол өңірдің жұртшылығы жақсы білсе керек.

Сағат Алдабергенұлының өзі де қара жаяу емес-ті. Арғы ғасырда жастай қоқандықтармен күресте  көзге түсіп,  егде жасында Шу өзенінен тоған қаздырып бар өмірін халық қызметіне арнаған Биназар батыр бабасының тарихтағы орны бір бөлек болса, өзі «Мойынқұм» кеңшарында партком хатшысы, аупартком нұсқаушысы кезінде ұйымдастырушылық, адамдық қасиеттерімен аңызға айналған аудан басшысы Айтбай Назарбековтей игі жақсылармен иықтаса жүріп, олардың елмен жұмыс істеу, жолдастармен сыйласу, адамды құрметтеу қасиеттерін там-тұмдап бойына сіңіргенін жасырмайды, қайта басқаларға үлгі-өнеге етеді. Өмірлік бай тәжірибе, жылдармен толыққан биік ақыл-парасат, көкірек көзінің ашылуы дейміз бе, Сәкең бүгінде сөйлей қалса шешендігімен, жаза қалса талай жазарманның өзін жолда қалдыратын қаламы жүйріктігімен  танымал  болған жан. Бұған осыдан он жылдай бұрын жарық көрген «Тағылым» атты өмірбаяндық танымдық  кітабын парақтап отырып  көз жеткіздік.  Кітаптың негізгі мазмұнында қоғамдағы сыйластықтың, достық сезімнің және өмірдегі пендешіліктің өз басынан өткен мысалдары алға тартылған. Оның бала кезден жан құмарлығы – ата-бабадан келе жатқан аңшылық болғанын да осы кітаптан білдік. Аң аулау қызығымен дүниені ұмытып талай мәрте қысқы боранда, адуын желдің өтінде, нөсердің астында далада түнеп қалып жүріп жан қалауына дауа таба  тұра, денесін дерт алдырғанын кеш сезініпті. Еттен өтіп, сүйекке жеткен кеселден бара-бара жүріп-тұруы қиындап, екінші топтағы мүгедектік  алғаны содан екен.

1969 жылы институттың соңғы курсында жүріп үйленген  Сағат Алдабергенұлы мен Фатима Мырзахметқызы бұл күнде бар байлығымыз – балаларымыз деп,  солардың тілеуін тілеумен таң атырып, кеш батырады. Шүкір, төрт ұл, бір қызының жаман болғаны жоқ. Бәрі де жоғары білім алып, әрқайсысы әр салада қызмет етуде. Тұңғышы Мұрат-әскери қызмет полковнигі, қызы  Бақыт-Тараздағы офталмологиялық орталықтың меңгерушісі, Сәкен Алматыда кеден қызметінде, Сержан Астанада мемлекеттік қауіпсіздік   басқармасында жауапты қызметтер атқарады. Жиырмашақты немере, алты шөбересінің де алды іске араласып жатыр.  Бірақ, қашанда ғұмыр жолының тақтайдай тегіс болуы тым сирек қой, қарияны өмірде өкіндірген жайлар аз кездеспепті. Кейбір қызметтестерінің қысастығын,  пендешіліктерін айтпағанда, азамат болған шағында тұңғыш немересі Ержанның, ал былтыр ұлы Рашидтің мезгілсіз қазалары  жүрегін аяусыз жаралап өткен еді.

– Рашидім ерекше жан болатын,-деп қамығады әке, – Екі бірдей жоғары білім алса да жүрек қалауымен қарапайым жүргізуші болды. Достары көп, ағайын-туыс  арасының ұйытқысы бола білді. Биллиард ойынымен әуестеніп, талай жарыстарда топ жарып жүрді. 2008 жылы бас жүлдеге автокөлік тігілген турнирдің жеңімпазы болса, 2010 жылы Астанада сексендей үміткер қатысқан жарысқа еш қоштап-қолдаушысыз жалғыз өзі барып екінші орын алып келген-ді. Сөйте жүріп бұл ойынның Қордайда  қанат жаюына, тұрақты түрде өтіп тұруына барын салды. Айықпас дертке шалдығып, былтыр елу жасын атап өткен бойда артына зайыбы Ләззат пен  бес баласын қалдырып кете барды, қайтейін...

Рашид Сағатұлы Алдабергеновты еске алу турнирінің ашылуында бауырлары, достары, туыстары да оның адамдық ерекшеліктері  туралы жүрекжарды сөздерін ортаға салды. Екі күндік жарыстың қорытындысында 500 мың теңгелік бас жүлдені Тараздан келген тастаяқ ойынының қас  шебері Ерлан Малтабаров ұтып алып, чемпиондық кубокты иеленді. Бағлан Шакиров (Тараз) екінші орынды еншілесе, екі үшінші орындарды меркілік Бақыт Қойбағаров пен Әділет Аманжолов бөлісті.  Барлығы он алты орынға тігілген жүлделер иелерін тапты.  Бұл турнир,  біріншіден, абзал әкенің  баласына деген сағынышының, ізгілік нұрының маздап жануының, екіншіден, тастаяқ (биллиярд) спортын насихаттаудың облыс көлеміндегі жарқын бір үлгісі болды дей аламыз.

                                                                        Құрманбек Әлімжан,

                                                                                                             ардагер журналист.

                                                                                                            Қордай ауданы.