Кітап жандүниені байытады
«Мәдениеттің мәйегі – кітап» депті жазушы Шерхан Мұртаза. Расында да кітап-біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың түңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, кітаптан, кітапханалардан табамыз. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Кітапхана ісі –ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі. Мойынқұм ауданы құрылғаннан кейін көп ұзамай-ақ аудан орталығында 1965 жылы аудандық балалар кітапханасы ашылып, жұмыс істей бастайды. Ол кезде оқырман саны 370 адам болса, кітап қоры 7200 ғана еді. 1980 жылдары 36 ауылдық, поселкелік кітапханалар аудан халқына қызмет көрсетті.
Алайда 1997 жылы оңтайландыру мақсатымен барлық ауылдық кітапхана филиалдары жабылып, тек орталық кітапхана қалды. Осындай қиын уақытта кітапхана есігін жаппай, кітап қорын сақтап, ақысыз қызмет атқарған Айдарлы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Күлжахан Рысқұлованы ерекше атап өткеніміз дұрыс болады. Жастайынан кітапханаға жұмысқа орналасқан ол бір орында 40 жыл қызмет атқарып, құрметті демалысқа шықты. Еңбегі жоғары бағаланып, «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» атанды.
2000 жылы Мәдениетті қолдау жылына байланысты аудан әкімінің шешімімен кітапхана филиалдары қайта ашылып, жұмыс істей бастады. Сол уақытта кітап қоры 105 мың дана болса, қазіргі таңда 272282 данаға жетті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша жыл сайын 13400 оқырманға қызмет көрсетіледі.
Кітап! Бұл сөз әр адам баласына таныс. Кейбір жандар үшін баға жетпес оқу құралы болса, кейбіреулерге жұмбақ әлем болып қала бермек. Кітаптың құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол құдіретті кітаптың бізге тигізер пайдасы өте мол. Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсеткен еді.
Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын ұсынып, өңір жұртшылығын кітап оқуға шақырды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Расында да кітап оқырманның ойлау қабілетін жақсартып, оның сөздік қорын молайтады, жандүниесін рухани байытады және ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда түрлі жобалар арқылы кітапханаға оқырман тарту, жұртты кітап оқуға шақыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, республикалық «Бір ел-бір кітап», облыстық «Ел болып оқимыз» және жергілікті «Білімнің көзі кітапта» жобалары аясында байқаулар, көрмелер, әдеби кештер өтіп тұрады.
Осы ретте «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес»,-деген Серке Қожамқұловтың сөзін еске алсақ, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы екенін ұға түсеміз.
Қазынаның осы түрі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.
Мейірхан Тулеулиев,
Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары