Бейпілауызда өрелі ой жоқ
Қоғамда бейпілауыз болуды сән санайтын отбасылардың бар екені қынжылтады. Оған өз үйіндегі туған-туыстың ортасын былай қойып, жиындарда да түрлі боқауыз сөз айтып, өздері жадырай күліп отыратын үлкендердің әдепсіздігі дәлел. Әсіресе бүлдіршіндердің ұятсыз сөздерін әлеуметтік желіге жарыса жүктеп жататындар бүгінде көптеп кездесіп жүр. Одан бөлек, ақыл-ойы жетілген жасөспірімдердің де боқтаудан алдына жан салмай жүргенін жиі байқаймыз.
Жас бүлдіршіндер өз айтқан сөздерінің мағынасына терең мән бере алмайды. Себебі әлі ақыл-ойы толыспаған. Ненің жақсы, ненің жаман екенінен де хабарсыз. Балғын өмірі жаңа ғана басталғандықтан, үлкендерден көргенін істеп, естігенін ғана айтады. Оның миы негатив ойлардан, уайым мен өкініштен ада болғандықтан, олар тек жаңалыққа ғана талпынғыш, ерекшелікке ғана ұмтылғыш, қызыққыш болып келеді. Сондықтан әрбір естіген ерекше сөздерін жаттап ала қояды.
Ғұмыры енді ғана қалыптасып, өмірге жаңадан бейімделіп, алға ұмтылып, дағдыланып келе жатқан жас тұлға болғандықтан жаман-жақсыны ажыратуға қауқарсыз. Сол себепті оның аңғал жүрегі ақ-қараны бөліп-жармай бәрін бірден бойына сіңіріп ала қояды және сол көргені мен естігенін қайта сыртқа шығарады. Балалардың миы әбден пісіп-жетілгенше солай өмір сүрері анық.
Бала – айна. Әр баланың ар жағында оларға тәрбие беруші ата-анасы тұрады. Олар сол тәрбие берушінің әрекетін қайталаушы ғана. Осы орайда тәрбиеге байланысты «Не ексең – соны орасың» деген нақыл еске түседі. Яғни, баланың бойына мейірімнің дәнін сеуіп, мәдениет пен парасаттылықты қалыптастырып, еңбек пен білімге бейімдесе – ол сол арқылы жетіліп, есейгенде оның нәтижесін берері анық. Мұндайда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөздің де растығына көзің жетеді.
Перзент – ата-анаға Алланың берген сыйы, аманаты. Сондықтан сол аманаттың анадан туғандағы ар-ұятынан айырылып қалмауы үшін және аузын былғамастан бұрын ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін санасына сіңіріп, керек жерінде екертіп отырған абзал. Баланы бетімен жіберу – ертең оның сорлап қалуына жол салу. Жалпы бала атаулының мейлі жақсы, мейлі жаман сөзін құптап, қолдап отыратындар баланың жарқын болашағына балта шабушылар. Себебі көркем сөз – барлық әдептің, сый-құрметтің бастауы.
«Tik Тok» желісінде «sisters_kitchen_kz» аккаунтымен тіркелген 4-5 жасар Мия есімді қыз бар. Бұл отбасылық парақша. Мұнда Мия жасөспірім әпкесі екеуі түрлі тағам дайындайды. Дәлірек айтқанда, әпкесі тағам дайындайды, ал Мия айналасын шашып-төгіп, әпкесі мен оқырмандарын қатар боқтап, барынша сотқар мінез танытып, кедергі жасайды.
Мияның айтқан әңгімесінің түп-төркіні анайылыққа, ұятсыздыққа тұнып тұр. Сондықтан да шығар, видеолары көп қаралым жинайды. Яғни, бұл отбасылық аккаунтқа керегі де сол. Қыздың боқтауы – халыққа видеосын өткізудің ең ерекше тиімді жолы. Расында қыздың былдырлаған тілі – былапытқа тұнып тұр. Шынтуайтында жұрт сол шынашақтай қыз баланың боқтағанына сүйсініп, күліп тыңдайды. Ал әке-шешесі оны желіге жүктеп, көпшілікке таратып отыр.
Бесіктен белі шықпаған баланың әкесінің аузынан қайыруының, шешесінің ең ұятсыз жерлерін суреттеуінің, дамылсыз боқтауының түйіні неде? Мұндай ұятсыз сөзді дамылсыз айтып үйренген балалар есейгенде бұл әдетін қойып кетуі екіталай. Бұл туралы психологтардың да айтары бар.
Мақұл баланың боқтағанын тоқтатуға болар. Ал ұлдарды қойып, жасөспірім қыздардың боқауыз болуы қайтсе тиылады? Бүгінде әлеуметтік желіде 15 пен 20 жас аралығындағы қыз балалардың өзара боқтап сөйлесу этикаға жата ма? Сондай аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, тікелей эфирде отыратын жасөспірім қызбен тілдесудің сәті түскен еді.
Негізі ауыздан шыққан әр сөздің күнә ретінде жазылатыны Құранда, яғни «Қаф» сүресінің, 18-аятында ескертілген. Онда «Адам баласының қасында, оның аузынан нендей сөз шықса да бірін қалдырмай жазып тұратын бақылаушы періштелер бар» делінген.
Шариғат күнәлі іске әрдайым шектеу қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға иман еткен кісі – міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес», деп айтқан.
Хадиске сүйенер болсақ, иманды адамның сипатына боқтық, былапыт, боқауыз сөз айту жатпайды. Сондықтан, күнә тудыратын боқтық сөз айтудан әрдайым мұсылман баласы сақтануы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді» деген.
Расында Алла Тағала бізге тілдесу, сөйлей алу нығметін берген болса, онда тілді күнәлі сөздерден тыюмыз қажет. Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кім Аллаға және Ақыретке сенсе, жақсы сөйлесін немесе үндемесін» деп өсиет айтқан. Хазіреті Әли (р.ғ.): «Жүрек таза болса, тілден әдемі сөз шығады» деген екен.
Тағы бір хадисте: «Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда бүкіл дене мүшесі тілдің алдында бас иіп: «Біз үшін Алладан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, біз де таямыз» деп айтады.
Ендеше, әр адам боқтық сөз айтудан сақтанып, жақсы амалдарды қалыптастырса, жақсы сөз айтуға тырысса, бұл ұрпақ тәрбиесі үшін игілікті істің қайнар көзі болмақ.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ