Әлеумет

Шетелдік дәрігердің шеберлік сыныбы сәтті аяқталды

Жуырда облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Беларусь Республикасының жетекші маманының қатысуымен өткен шеберлік сыныбының аяқталуына орай баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға медицина ғылымдарының кандидаты, Беларусь Республикасы Травматология және ортопедия жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының балаларға арналған травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Юрий Лихачевский, сондай-ақ облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының жетекшісі Ұлжалғас Мұхамбетова және облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Ержан Абдыхалықов қатысты.

Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Ерік Мұсабаев Юрий Валентиновичке шеберлік сыныбын өткізуге қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, бұл ынтымақтастықтың балалар ортопедиясын дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Е.Мұсабаевтың айтуынша, мұндай шаралар заманауи емдеу және хирургиялық әдістерді енгізуге ықпал етіп, өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқарма басшысының міндетін атқарушы аурухана ұжымына кәсіби шеберлігі мен іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде Юрий Лихачевский ұйымдастырушыларға жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жоғары кәсіби деңгейіне ерекшетоқталды.

Одан кейін сөз алған Ұлжалғас Мұхамбетова «BI-Жұлдызай» қорының 2013 жылдан бері шетелдік мамандарды тарту арқылы дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді. Ол осындай іс-шаралардың инновациялық әдістерді енгізу мен медицинаның дамуындағы рөлін ерекше атап өтті.

Баспасөз конференциясы барысында табысты жүргізілген күрделі операциялардың нәтижелері ұсынылды. Олардың ішінде туабіткен маймақтықты түзету, артродез, бұлшықет транспозициясы және басқа да хирургиялық араласулар бар. Бұл әдістер балалардағы ортопедиялық ауруларды емдеуде жоғары тиімділік көрсеткені айтылды. Сондай-ақ, балалар ортопедиясын дамыту, инновациялық емдеу әдістерін енгізу және балалар тәжірибесінде эндопротездеуді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Бұл шеберлік сыныбы облыстағы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудағы және халықаралық сарапшылармен ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болды.