COVID – 19: неден ұтылдық, неден ұттық?
Биыл коронавирустың басталғанына алты жыл толды. Өткен тарихқа көз жіберсек, пандемия біздің дәуірімізге дейін де болған.
Оған «Афина обасы» (чума) дәлел. Ал 1346-1353 жылдары «қара өлім» (черная смерть), оба пандемиясы жер бетіндегі тұрғындардың 60 пайызын жалмаған. XIX ғасырда (шамамен 1920-1923 жылдар) тырысқақтан (холера) 1 миллион адам көз жұмған. 1919 жылғы Испан тұмауы да миллиондаған адамның өмірін қиды. Ал коронавирус індетінен 6 миллион адам қайтыс болыпты. Пандемия шамамен араға 100 жыл салып қайталанып отырғанын көреміз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, індет те елді ұмыттырып барып, қайта оралып тұрған.
Біз неден ұтылдық, неден ұттық? Желтоқсан айының аяғында басталған пандемияның алғашқы толқыны Еуропаны аралап, Қазақстанға үш айдан кейін жетті. Еуропа елдерінің, яғни Испания, Италия, Францияның медицинасы қаншалықты мықты дамыған болса да, көп адам қайтыс болғанын жақсы білеміз. Жалпы алғашқы соққы да сол мемлекеттерге тиген болатын.
Реті келгенде айта кетейін, пандемия кезінде әлем елдері көп қателік жіберді. Негізі пандемия 10 және одан да көп мемлекетте таралғанда шекара шегенделіп, сақтық шаралары күшейтілуі керек. Ал пандемия жарияланғанда жүздеген мемлекет шекарасын вирус күш бермей бара жатқанда бірақ жапты. Медицина саласында «Протокол» деген үлкен қателік жіберілді. Бір ескеретін жағдай, мұны ешкім әдейі жасаған жоқ. Дегенмен, барлық мемлекетте ем аталған «Протоколдың» айналасында өтті. Бұл да дүниежүзі медицинасының әлсіздігі мен кемшілігі деп ойлаймын.
2019 жылдың желтоқсанында COVID-19 жайлы айтыла бастады. 2020 жылға дейін бұл індетті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мойындамады. Дегенмен қаңтардың алғашқы онкүндігінде дабыл қағылды және күннен-күнге үдейе түсті. Бұл ретте ДДҰ-ның да қатесі бар. Өйткені алғашқы күндері жарытып ештеңе айта алмады. Негізі әр мемлекеттің озық үлгілі емдерін тарататын, кез келген төтенше жағдай кезінде бірінші қимылдайтын осы ұйым еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Кеше ғана жаңадан сайланған АҚШ Президенті Дональд Трамптың ДДҰ құрамынан шығу туралы жарлыққа қол қоюы соның салдары.
Сонымен үлкен қасіреттің жақындағанын ел наурыз айының басында сезіне бастады. Халық әбден абдырады. 11 наурызда пандемия жарияланды. Сәуірдің 7 күні медициналық-әлеуметтік мекемелер толық жабылды. Ауруханаларда да солай болды. №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры болғандықтан толық тоқталайын. Ай сайын арнайы лабораториялық тексеруден өткен соң орталықта жүзге жуық қызметкер сыртқы ортамен ешқандай байланыссыз, тек телефонмен ғана хабар алысып, айлап еңбек етуге мәжбүр болды. Кейде қызметкерлер саны жетіспей жатты. Ондайда сұранып, өтініш жасап әрең толықтырып отырдық. 15 ай күзетте тұрдық.
Сондай ауыр күндерді бастан кешірдік. Қызмет алушыларды емдеуде емнің барлық түрлерін қолдандық. Желкек (хрен) қайнатып бердік, зімбір (имбир) тамырын пайдаландық. Біздің бағымызға орай керекті дәрілер – дексаметазон, аскарбин қышқылы және антибиотиктердің қоры бізде алғашқы толқынға жеткілікті болды.
Тіпті алғаш аурулардың температурасы көтерілген кезде аздап арақ та ішкіздік. Ресей дәрігерлері басында осындай әдіс ұсынған және қолданды. Қазіргі уақытта ашық айтуыма да болады. Кейде вирустан сақтанудың алғашқы жолы осы ма деп те ойлаймын. Сол жылдың мамыр айында біздің мекеме ауруларын ауруханаға жатқызу тоқтатылды. Өйткені өз-өзіне жауап бере алмайтындықтан қастарына адам жатқызу керек болатын. Қалада бүкіл аурухана онсыз да толып, орын жетпей жатты, тіпті аудандық ауруханалар да «ковидтік» ауруханаға бейімделді. Кімнің қайда жатқанын анықтаудың өзі мәселе болып қалған кез. Алматы қаласында «Алматы – Арена» спорт кешенін ауруханаға айналдырды. Онда бір жарым мыңнан аса адам емделді. Ал енді тауып көріңіз. Содан кейін бір жарым-екі мыңдық құрастырмалы ауруханалар жоспарланды. Зертханалар адам саны артқан сайын үлгере алмайтын халге жетті. Зерттеме дайын болғанша 3-5 күн керек болды. Амалсыз оны күтпей-ақ, емдеуді бастау керек болды. Қатар жүрген бауырлар, қатар жүрген достар «сен жұқтырдың» деп бірін-бірі кіналаған күндер болды. Міне, осындайда қиын-қыстау заманды бастан өткердік. Құдайға шүкір, ол сынақтан да ел болып, жұрт болып аман-есен шықтық.
Орталыққа қайта оралсам, күн-түн демей аурулардың қасынан табылған мекеме дәрігерлері өте тиянақты және білімді емдеу тәсілдерін қадағалады және жетістіктерге жеткенін бүгін мақтанышпен айтуға болады. Өйткені Қазақстан бойынша біз сияқты мекемелерде әжептәуір адам шығындары тіркелген кездер болды. 2021 жылдың басында облысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары К.Әукенов келіп: «Сіздер фактіні жасырып отқан жоқсыздар ма?» деген әңгімеге дейін барды. Біз «Тексеріңіздер, қайтыс болғандар міне, немен қайтыс болғанын қараңыз» деп диагнозбен дәлелдеп бере алдық.
Ал пандемияның екінші толқыны маусым-шілде айлары аралығында өтті. «Қолдан жасалған індет, бәрі өтірікке саяды» деп жүріп, күлкімізді тия алмай қалдық. Жаназадан көз ашпадық. Жерлеуге қатысамыз де опық жегендер, шейіт болғандар көбейді. Ауруханадан раббысына қайтқандарды мола басына тікелей апарып жерлеу басталды. Бұл енді сақтық шаралары еді. Оған да ренжіген кездеріміз болды. Қазақтың «Шашылсақ тойға шашылайық» деген аталы сөзі көзден бұлбұл ұшты.
Жалпы жағдайға қайта оралсам, «СК-Фармацияның» «қоржынында»х алыққа керек дәрі-дәрмек болмай шықты. Бұл енді барып тұрған сорақылық еді. Арты орасан зардапқа алып келді. Дәріханалар да бағаны көтеріп, қиналған халыққа болысудың орнына табыс табуға әрекет жасады.
Пандемияның арқасында «онлайн», «офлайн» терминдеріне үйрендік. Үйренген бер жағы онлайн еңбек еттік. Шапқыламай, жұмыс жүргізуге болатынын түсіндік. Бұл оңды істердің бірі.
Айта кетсек, Қазақстан тынымсыз еңбек еткен ғалымдарымыздың арқасында COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасап шығарған санаулы елдің қатарына қосылды. Сол отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья Мемлекеттік сыйлық та алды.
Испанияда болған мына оқиғаға қараңыз. Ковид ауруынан беті бері қараған 90 жастағы қарияға: «Ендігі емге ақы төлейтін боласыз, демалуыңызды аппаратпен жалғастырамыз. Толық еміңіз күніне 5 мың доллар болады» деп ескертеді. Қария сол кезде өкіріп жылапты. Шошып кеткен дәрігерлер: «Жағдайыңыз жоқ болса, онда жартысын төлеңіз», дейді.
– Мен осынша жасқа дейін тегін ауа жұтқаныма таң қалып отырмын, дейді.
Түсінген адамға бұл да сабақ. Ал бізде қалай болды? Еуропадағыдай бірде-бір медицина қызметкерінің жұмыстан қашқақтау фактісі тіркелмеді. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, ақхалатты абзал жандар жұмысын бірқалыпты жалғастырып жатты. Бірінші құрбан – шетелден келген өз азаматтарымызды оқшаулау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дәрігерінен басталды. Олардың қатарында Шу ауданының бас дәрігері Айдар Мұқатаев, уролог Ақылбай Арынов, реанимация меңгерушісі Мұхтар Тұматаев, аурухана бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Арынбаев, фельдшер, экономист, медбике, санитар тазалаушы... Ұзын саны – 21 адам. Олар «Бейбіт күннің батырлары». Тәуліктеп скафандрдің ішінде жүрген де солар. Өзім басқаратын мекемені аралаған кезде күніне 3 сағат киетінмін. Әсерім адам айтқысыз, иттің басына салмасын! Осыдан кейін дәрігерлерді қалай сыйламасқа!
2020 жылдың ақпан айының басында «Ғұмырнама» көрсетіліміне шыққаным бар. Сонда тілші «Өкінетін оқиғаларыңыз бар ма?» деп сұрақ қойды. Мен «Дәрігерлерді жоғары қоюымыз керек, қоғамда өкінішке қарай олай болмай тұр. Дәл сол кездері медицина қызметкерлеріне шабуылдар жасалып, ұрып соғып, қорқытып, тіпті шашын алдырған шенеунік те болды (генерал Күдебаев), Осындай дәрігер беделін түсірген оқиғалар көптеп кездесті. Дәрігерлер өз кәсібіне адал екеніне шүбам жоқ, қандайда бір қиыншылық келсе дәрігерлер алдыңғы қатарға шығады» дедім. Аузымды жауып үлгермедім, пандемия басталды. Дәрігер және орта буын медбикелер іздеп таппайтын маманға айналды. Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің оғаш тірліктері де тіркелмеді.
Облыста пандемиядан жанын пида еткен азаматтарға ескерткіш тақта кеш те болса қойылды. Сол кездегі басқарма басшысы сырттан маман шақырып, болар-болмас «мастер-класс» ұйымдастырды. Тыртыйтып ескерткіш қойды. Айтудай айттық. Бір кем дүние! Дәрігерлер ассоциациясының атынан бір көңіл басар тірлік жасадық. «Алтын дәрігер», «Мейірім» төсбелгілерін ұйымдастырғаным бар (марқұмдардың жақындарына). Баталарын алдық. Оған да құдайға шүкір.
Сөз соңында ел арасында жүрген мынау күлкілі әңгімені айтқым келеді. Бірде қонақта отырған адамдарға сырттан жаңадан келген кісі амандасып, бәрінің қолын алып шығыпты да, «Ой қолымды жуып келейін», деп қайта шығып кетеді. Сол жерде отырғандар қандай күйде болғанын елестете беріңіз. Бұны айтып отырған себебім, бүгінгі таңдағы біздің тұрғындар арасындағы санитарлық-гигиеналық жағдайымыз осыған саяды.
Мұрат БЕРДАЛИЕВ,
№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер
ұсыну орталығының директоры