Ойнаймын деп от баспа
Терроризм туралы жалған хабар тарату – қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретін ауыр қылмыс. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда Жамбыл облысында мұндай 16 факт тіркелген. Көп жағдайда құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай қызметтері жоғары деңгейде жұмылдырылып, шұғыл әрекет етуге мәжбүр болады. Алайда тексеру барысында жарылғыш заттар табылмай, бұл ақпараттардың жалған екені анықталады.
Жалған хабар таратушылар жазасыз қалмайды
Жалған хабар таратушылардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. Сондықтан мұндай әрекетке барған жасөспірімдер ғана емес, олардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Баласының тәрбиесіне тиісті деңгейде көңіл бөлмегені үшін айыппұл салынып, заң аясында шара қолданылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқандарға 5000 айлық есептік көрсеткіш (17 миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынады немесе олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, сот шешімімен жалған хабарлама салдарынан шығынға ұшыраған жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залал өтелуі тиіс. Бұл сома 200 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Мысалы, 2024 жылдың 8 сәуірінде Меркі аудандық полиция бөлімінің «102» пультіне Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінде жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы қоңырау түскен. Алайда тексеру барысында ақпарат расталмады. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде осы ауданның 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол есірткіге мас күйде жалған қоңырау шалғанын мойындады. Бұрын есірткі сақтағаны үшін сотталған, сондай-ақ есірткіге тәуелді ретінде есепте тұрған бұл адам бұған дейін наркологиялық диспансерде мәжбүрлі түрде емделген.
Биылғы жылдың 11 ақпанында Тараз қаласындағы екі колледжге жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар тарады. Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, төтенше жағдай қызметі, жедел әрекет ету жасағы және кинологтар дереу оқиға орнына жетіп, ғимараттарды толық тексерді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Тергеу амалдары басталды.
Жалған терроризм оқиғаларының артуы мемлекет пен қоғамға үлкен шығын әкелуде. Өйткені кез келген осындай хабарлама түскен кезде, полиция, ұлттық гвардия, терроризмге қарсы мамандандырылған бөлімшелер, құтқару қызметі, медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер, мемлекеттік қауіпсіздік органдары толықтай жұмылдырылып, жағдайды бақылауға алады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай хабарламалардың көбі телефон қоңырауы, әлеуметтік желілердегі хабарламалар немесе электрондық пошта арқылы түседі. Әрбір оқиға жедел тіркеліп, тексеріледі.
Жалған терроризм жағдайында атқарылатын іс-шаралардың нақты алгоритмі бар. Бірінші кезекте түскен ақпарат арнайы журналға тіркеледі. Оперативтік кезекші хабарламаның қаншалықты шынайы екенін бағалайды. Егер қауіп-қатердің бар екеніне күдік болса, дереу құқық қорғау органдарына хабар беріледі. Оқиға орнына жеткен жедел топ ғимаратты тексеріп, қажет болған жағдайда азаматтарды эвакуациялайды. Сонымен қатар, жалған хабар берген адамның кім екенін анықтау жұмыстары жүргізіледі. Оған телефон жазбалары мен басқа да арнайы технологиялар көмектеседі.
Жалған хабарламалар қоғамда қорқыныш тудырып қана қоймай, мемлекеттік ресурстардың артық жұмсалуына соқтырып, азаматтардың қалыпты өміріне кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттерге қатаң жаза қарастырылған. Төтенше жағдай қызметтері оқиға орнына қаншалықты жедел жетсе де, егер хабарлама жалған болып шықса, бұл – ел экономикасына үлкен шығын. Мысалы, әрбір жалған терроризм актісі салдарынан, құқық қорғау органдарының негізгі жұмысы уақытша тоқтайды, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметі кедергіге ұшырайды, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар материалдық шығынға батады.
Жалған терроризмнің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары қоғамды бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырады. Әсіресе, ата-аналар балаларының тәрбиесіне мұқият болуы керек. Балалар мен жасөспірімдерге жалған хабарлама таратудың ауыр қылмыс екенін түсіндіру қажет. Құқық қорғау органдары мұндай фактілердің әрқайсысын мұқият тексеріп, кінәлілерді анықтайтынын ескертеді. Жалған ақпарат таратқан кез келген адам заң алдында жауап береді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қылмыстардың жиілеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, кейбір адамдар бұған ойын ретінде қарайды, жауапкершілікті толық сезінбейді. Әсіресе, жасөспірімдер арасында осындай жағдайлар жиі кездеседі. Екіншіден, кейбір азаматтар қылмыстық әрекеттерін жасыру немесе біреуден кек алу үшін осындай әдісті қолданады. Үшіншіден, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кең таралуы арандатушыларға жалған ақпаратты жылдам таратуға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары жалған терроризм фактілерінің көбеюін қылмыстық жауапкершіліктің жеткілікті деңгейде қорқыныш тудырмауымен де байланыстырады. Яғни, айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы бар болғанымен, кейбір адамдар оны елемейді. Бұған қоса, осындай жалған хабарламалардың тергеу процесі біраз уақытты алады, сондықтан кейбір қаскөйлер жазадан құтылып кетемін деп ойлайды.
Шетелде бұл мәселе қалай шешілген деген сұраққа келсек, әлемнің көптеген елдерінде жалған терроризм туралы хабар таратқандарға қатаң жаза қолданылады.
Мәселен, АҚШ-та ФБР мұндай қылмыстарды өте ауыр заңбұзушылық ретінде қарастырады. Егер жалған терроризм актісі адамдардың эвакуациялануына немесе мемлекеттік құрылымдардың жұмысына кедергі келтірсе, кінәлі тұлға 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, келтірілген материалдық шығынды толық өтеу міндеттеледі.
Ұлыбританияда терроризм туралы жалған хабарлама берген адамға 7 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұдан бөлек, қылмыскердің банк шоттары бұғатталып, келтірілген шығынды өтеу талап етіледі.
Германияда мұндай әрекет мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыс ретінде қарастырылады. Кінәлілерге 5 жылдан 15 жылға дейін түрме жазасы тағайындалады. Сондай-ақ, заң бойынша жалған хабар таратуға қатысты шығындар толық өтелуі керек.
Көршілес Ресейде 2017 жылдан бері терроризм туралы жалған ақпарат таратқан адамдарға 500 мың рубльден бастап 1 миллион рубльге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер мұндай хабарлама мемлекеттік мекемеге немесе адам көп жиналатын орынға қатысты болса, жаза мерзімі 8 жылға дейін ұлғаяды.
Кейбір елдерде жалған хабар таратушыларға қарсы қосымша шаралар енгізілген. Мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияда мұндай әрекеттерді жасаған кәмелетке толмағандардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен байланыс операторлары құқық қорғау органдарымен бірігіп, жалған хабарламаларды таратқандарды анықтау процесін жылдамдатады.
Жалған терроризм – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Сондықтан әр азамат өзінің жауапкершілігін сезініп, мұндай әрекеттерге жол бермеуі қажет.
Айжан ӨЗБЕКОВА