Білгім келген бір сұрақ?

Ескерткіштердің есебі бар ма?

Кез келген халықтың мәдениеті мен тарихы оның ескерткіштерінде сақталатыны белгілі. Демек, тарихи-мәдени ескерткіштер- халықтың өткенінен, оның ата-бабасы кім болғанынан сыр шертетін құнды мұра. Сондықтан мұндай құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оларды дұрыс есепке алу, бақылауда ұстау маңызды іс.

Негізінде айдаладағы атын-естіп білмеген бір бейтаныс батырдың не кезінде қаһарман болғанымен шын мәнінде халыққа тізесі батқан біреудің ескерткіші саяси тұрғыда мәнін жоғалтқандықтан қараусыз қалып, өзінен-өзі мүжіліп, тозып, жермен жексен болатыны заңдылық. Ал ұлттық құндылық деп танитын тарихи нысандардың назардан тыс қалып, уақыт өте келе репеті қашуы қасірет. Олардың арасында кейбірінің күтімсіз қалғандықтан құлауға айналып, тағы бірі тіпті заңсыз өзгеріске ұшырауы да ғажап емес. Осы орайда «Өңірдегі ескерткіштердің жай-күйі қаншалықты зерттелген?», «Олар толық тіркеуге алынып, құжаттары реттелген бе?» деген ой жетегімен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевпен хабарластық. Оның айтуынша, ескерткіштердің есебі бар. Бірақ археологиялық ескерткіштердің кейбірі жер бөліну кезінде жеке қолға, шаруа қожалықтардың қарауына өтіп кеткен. Осыдан кейін ол бақылаусыз қалған. Демек, бұл кейбір жекеменшік жер иелері өз жерінде орналасқан ескерткіштердің құндылығын толық түсінбейді деген сөз. Осыдан кейін ескерткішті күтіп-ұстауға қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Осыған байланысты, аталған дирекция бұл ескерткіштердің мәртебесін нақтылап, оларды мемлекеттің қарауына қайтару немесе меншік иелеріне сақтау мен күтіп-ұстауды заң жүзінде міндеттеуді қарастыру мәселесін көтерген.

Жалпы облыста 708 ескерткіш бар болса, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты ескерткіштердің жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді екен. Осы 708 ескерткіштің барлығының паспорты бар болғанымен, бірақ кейбірінің жерге орналастыру актілері жоқ көрінеді.

Сол секілді Талас ауданындағы 18 ескерткіштің 10-ына, Шудағы 32 ескерткіштің 9-ына, Қордайдағы 31 ескерткіштің 16-сына, Мойынқұмдағы 19 ескерткіштің 14-іне, Жуалыдағы 28 ескерткіштің 13-іне, Тараз қаласы бойынша 20 ескерткіштің алтауына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталыпты.

Сондай-ақ С.Қалиев Ұлы Жеңіске арналған ескерткіштер тек мереке қарсаңында ғана жуып-шайылатынын сөз етумен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын бақылап, оларды қорғау жұмыстарын жүзеге асыратын мамандар, яғни инспекторлардың техникалық базасы әлсіз екенін жеткізді. Нақты айтқанда, инспекторлардың жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, яғни, географиялық координаттарды анықтайтын құрылғылар, сапалы фотоаппараттар, компьютерлер және басқа да қажетті техникалар жетіспейді. Бұл олардың ескерткіштердің жағдайын дәлме-дәл тіркеп, құжаттауына кедергі келтіруде.

Ескерткіштер күтіп-ұстау, сақтау – ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік. Сондықтан тарихи, мәдени ескерткіштер жайы ескерусіз қалмауы қажет. Негізінде өткенін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, жалпы ұлттық құндылығын, ұлттық мұрасын ұлықтаған ел ғана өз болашағын баянды ете алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ