Жаңалықтар

«AMANAT»-та бірыңғай уақыт белдеуі бойынша Үкімет есебі тыңдалды

Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» Фракциясының мүшелері өзгерген уақыт белдеуінің халықтың физикалық және психикалық денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері туралы зерттеу нәтижелері бойынша Үкімет есебін тыңдады,деп хабарлайды arainfo.kz сайты amanatpartiasy.kz-ке сілтеме жасап

Бұл зерттеу жұмысы «AMANAT» Фракциясының ұсынымын іске асыру шеңберінде 6 бағыт бойынша жүргізілді. Беделді ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми институттар тартылды. Зерттеу барысында географиялық параметрлері ұқсас әр түрлі мемлекеттің тәжірибесі назарға алынды.

Депутаттар алдында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ ол зерттеу нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елдегі білім беру процесінің нәтижелеріне теріс әсер етпегенін, сондай-ақ ЖКО мен көшедегі қылмыс жағдайына айтарлықтай әсерін тигізбегенін растады.

Сонымен қатар бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енгізілді. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты.

Халық қалаулыларының сұрақтарына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің өзге де өкілдері жауап берді.

А. Шаққалиевтің айтуынша, алдын ала деректер халық өмірінің негізгі көрсеткішіне және экономиканың негізгі салаларының жұмыс істеуіне өзгерген уақыт белдеуінің тигізген теріс әсерін анықтаған жоқ.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар санының төмендегенін атап өтті. Мәселен, жедел жәрдем шақырту саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалды. Яғни, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізуде.

Талқылау жұмысын қорытындылай келе, депутаттар Үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдады. Депутаттар зерттеу қорытындысын қалың бұқараға жеткізудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, депутаттар Үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесіп, еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуінің маңызы мен ғылыми негізі туралы арнайы түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бұл жұмысқа ғалымдарды, сарапшылар тобының өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді тарту керек. БАҚ пен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық жұмыс ұйымдастыру қажет.

Сонымен қатар, халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру керек.