Мәдениет

«Менің анам» кітабы оқырманға жол тартты

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қолдауымен әріптесіміз, қаламы қарымды журналист Айжан Өзбекованың «Менің анам» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туынды – анаға деген шексіз махаббат пен құрметтің жарқын көрінісі. Кітап мазмұны әртүрлі салада ерен еңбегімен көзге түсіп азаматтардың аналары туралы естеліктері мен жүрекжарды сырларынан құралған сұхбат-мақалалардан тұрады. Анаға деген мәңгілік махаббатты арқау еткен бұл еңбек оқырманның жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.

2017 жылы облыстық «AR-AI» жастар газетінде «Менің анам» атты арнайы айдар ашылып, оның алғашқы саны Халықаралық әйелдер күніне орай 8 наурызда жарық көрген еді. Айдардың негізін қалаушы әрі авторы, журналист Айжан Өзбекова қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың ана туралы естеліктерін жүрекжарды мақалаларға айналдырды.

Арада сегіз жыл өтіп, бұл айдар тек журналистік жоба деңгейінде қалып қоймай, оқырман қауымның қызығушылығына ие болып, кең ауқымды мәдени мұраға айналды. Нәтижесінде жекелеген мақалалар жинақталып, мазмұны терең, тағылымы мол «Менің анам» атты кітап болып жарық көріп, қалың оқырманның назарына ұсынылды. Бұл туынды – ананың қадірін ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, болашақ ұрпаққа өнеге болар рухани еңбек.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыз-келіншектерді қабылдап, «Менің анам» кітабының тұсауын кесіп, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады.

Кітаптың таныстырылымында ардақты аналар алдыңғы қатардан орын алып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қадірменді қонақтар да сахна төріне көтеріліп, жүрекжарды құттықтауларын жолдады. Ақ жаулықты ардақты әжелер де бұл игі шарадан тыс қалмай, ұлттық дәстүрдің жарқын белгісі ретінде автордың иығына ақ орамал жауып, кең пейілді ақ батасын беріп, өмір жолының ашық аспан аясында жарқын болуын және болашағының даңғыл әрі нұрлы болуын тіледі. Айта кетейік, кітапты қаламыздағы кітапханалардан таба аласыздар.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ