Орманымызды өрт шалмасын...
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жамбыл авиациялық бөлімшесінде 2024 жылы орман өрті бар маусымның қорытындылары және 2025 жылға дайындық» тақырыбында брифинг өтті.
Қазақ авиациялық орман күзеті және орман шаруашылығына қызмет көрсету авиациялық базасы 1978 жылы құрылған. Қазіргі уақытта аталған база «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі деп аталады. Мекеменің басты міндеті – өртке қарсы авиациялық күзет және авиацияны қолдана отырып өртті сөндіру, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманың бұзылуын анықтау және оның алдын алу, ормандардың санитарлық жағдайын бақылау, халық арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Ал облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 414 мың 556 гектарды, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды.
Сонымен қатар брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бастығы Дарына Айдарова өрт оқиғаларының шығу салдарына тоқталса, мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Алмаз Жұматаев өрт қауіпті кезеңінің басынан бастап мобильді топтармен бірге 1 148 рейдтік іс-шара өткізілгенін айтты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ