Аймақ басшысы Әулиеата ауданын аралады
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы Әулиеата ауданы аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, мәселелеріне көңіл бөлді.
Алдымен облыс әкімі «Бектөбе» тұрғын алқабындағы «Айгөлек» балабақшасына барды. Нысан 2010 жылы пайдалануға берілген. 65 балаға шақталған. Ғимаратқа келесі жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Ербол Қарашөкеев Шайқорық ауылындағы 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. 2023 жылы пайдалануға берілген ғимаратта тұрғындарға бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетіледі. Мекемеде 15 адам еңбек етеді. Оның ішінде 1 дәрігер, 7 орта, 7 кіші буын медицина қызметкері бар.
Сонымен бірге өңір басшысы 2025-2026 жылдары аралығында ағымдағы жөндеуден өтетін Шайқорықтағы кіші футбол және «Street workout» алаңын, Қоңыртөбе тұрғын алқабындағы кітапхананы аралады.
Тозығы жеткен нысандарды жаңғыртудан, жөндеуден өткізу мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұдан соң Әулиеата ауданы әкімдігі уақытша орналасатын ғимаратты көрді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, аудан әкімдігінің жаңа ғимараты «Ұлы дала» ықшамауданынан салынады. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Аралау барысында Тараз қаласына қосылған елді мекендердің көше атауларына мән берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі