Егін егу жұмысына да екпін керек
Биыл көктемгі дала жұмыстары кезінде 660 мың гектарға жуық алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр.
Дегенмен дала жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты баяу жүруде. Қазіргі сәтте жоспардағы жер жырту жұмыстары 1,5 пайызға, дақыл себуге дайындалған жер – 0,3 пайызға, масақты дақыл орналастыру – 1,1 пайызға ғана орындалған. Сондықтан егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралар қабылдау маңызды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, жауаптыларға ауылшаруашылығы бағыты бойынша бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Нақтылап айтқанда, осы көктемгі егін науқанына кемінде 700 миллиард теңге бөлу керектігін жеткізген еді. Сондай-ақ малшыларға және ауылшаруашылығы өнімін өңдеушілерге арзан несие бөліп, тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажеттігін тапсырған. Осыған сәйкес жиында Президент тапсырмасының орындалу жайы да қаралды.
Кеңесте алдымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдірәсіл Желеубаев баяндама жасап, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы сөз етті. Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, облыстағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 38 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Тарқатып айтқанда, субсидияға 29,5 миллиард теңге, «Солтүстік Қазақстан облысы» тәжірибесін таратуға 8,5 миллиард теңге қаралған.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға ұлғаймақ.
Көктемгі жер жырту жұмыстары 1,3 мың алқапқа жүргізілген. Дақыл себуге 908 гектар жер дайындалып, 555 гектар алқапқа жаздық арпа себілген. Науқанға қажетті 54,8 мың тонна тұқым көлемі толықтай құйылған.
Баяндамашы сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 8 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланып жатқанын жеткізді. Бүгінде 4,4 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 1,4 миллиард теңгесі берілсе, мақұлданған 1,4 миллиард теңге көлеміндегі өтінімдерлің құжаттары рәсімдеу сатысында екен. Бұдан басқа 1,6 миллиард теңгеден астам өтінімдер қаралуда.
Биыл ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 39,6 миллиард теңге бөлініп, 16 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Нәтижесінде олар өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 108,3 пайызға өсім көрсету жоспарлануда.
Өткен жылы өңір шаруалары қант қызылшасын өткізе алмай әбігерге түскенін жақсы білеміз. Өткеннен сабақ алу қажет екенін еске салған аймақ басшысы баяндамашыдан биыл бұл мәселе бойынша қандай шаралар қабылданғанын сұрады.
Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, «Меркі қант зауытының» қуаттылығын ескере отырып биыл облыста 300 мың тонна, яғни 6 мың гектер алқапқа тәтті түбір егу жоспарланған. Аудан әкімдіктерінің әлеуетіне қарай лимит бөлініп берілген. Сондай-ақ республикалық комиссия қазіргі сәтте «Тараз қант зауытын» толығымен тексеріп шыққан. Осылайша кәсіпорынға қандай техника жетіспейтінін анықталып, шетелдерге сұраныс жолданған. Техника кемінде 10 ай ішінде дайын болуы мүмкін деген болжам бар.
Аймақ басшысы сондай-ақ облыс тұрғынын әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету керектігін жеткізіп, су үнемдеу технологиясы көлемін арттыруға күш салу қажеттігін айтты.
Мұнан кейін облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев аймақтағы елді мекендердің Бас жоспар жобаларының «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізілуі туралы баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бүгінгі күні қала құрылысы кадастрының деректерін ескере отырып, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалалары бойынша жер учаскелері берілуде. Сондай-ақ 2024 жылдың қараша айынан бастап сәулет-жоспарлау тапсырмаларын ұсыну және эскиздік жобаларды келісуден өткізу қала құрылысы кадастры жүйесі арқылы іске қосылып отыр. Ендігі кезекте жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы жер учаскелерін электрондық түрде берудің келесі кезеңінде елдің барлық елді мекендерін қамту жоспарлануда. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар кей аудандарға баяу жүргізіліп келеді екен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ