Әлеумет

Сүйегі асылдан жаралған мінезді кісі

Анам жайлы ойласам, әкем, бауырларым, балалығым, туып-өскен ауылым, бәрі-бәрі есіме түседі. Балғын балалығымның бейбіт заманда, берекелі кезеңде өткеніне шүкіршілік етемін. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ әкемнің тағдырын айтсам болады. Әкем Әсембек Малыбаев 1942 жылы соғыс өрті лапылдап тұрған шақта дүниеге келген. Әкесі майданға кетіп, із-түссіз жоғалғандықтан жетімдер үйінде өскен. Анасы да ерте қайтыс болған. Жас сәбиге жетім қалудан асқан қандай қасірет болуы мүмкін?! Уақыты таусылғанша әкесінен хабар күтіп, іздеуден жалықпады. Әр жылы 9 мамыр сайын әкесін ойлап, жылағанын талай көрдім.

Анамның аты-жөні – Шайыркүл Сәбиева Бидайбекқызы. 1947 жылы, 1 сәуірде Қордай ауданы, қазіргі Өтеген батыр ауылында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әкеме жолығып, екеуі шаңырақ көтерген.

Әкем жасқаншақ емес, тәуекелшіл адам болатын. Сол мінезіне салып, нағашы атамның алдына басқұданың міндетін атқарып, өзі құда түсіп келіп, мән-жайды айтса керек. Қызының да көңілі бар екенін біліп, жігіттің болашағына сеніп, атам әкемнің көңілін қалдырмапты.

Біз отбасымызда төрт бала өстік. Галина есімді әпкем және Ләззат, Жібек деген қарындастарым бар. Әпке-қарындастарым мектепті өте жақсы оқыды. Мен де нашар оқыған жоқпын. Ата-анамыз бәрімізді қосымша музыка мектептерінде оқытты. Аудандық деңгейдегі іс-шараларда өнер көрсеткенімізбен, кейін ешқайсысымыз өнер жолына түспедік.

Есімімді Бақытжан деп әкем қойыпты. Жалғыз ұлы болған соң ба, әкем ешқашан қол көтерген емес. Бала болған соң бір адамдай бұзықтық жасап тұратын кездеріміз болатын. Анам сонда шыбықпен шықпыртатын. Анда-санда ұсталып қалғаным болмаса, көбіне қашып кететінмін. Кім білсін, мүмкін анам да сабауға қолы бармай, қашуыма мүмкіндік берген шығар.

Еркелігім басымдау болғанымен бір кісідей үй шаруасына араласып, қолғабыс ететінмін. Анам бар шаруаға икемді етіп тәрбиеледі. Тамақ істеуді де үйретті. Қора тазалап, қозы бағу күнделікті тіршілігім болатын. Тіпті сиыр да сауа беретінмін. Қашықтығы 20 шақырымнан асатын Бішкектегі базарға қойларды жаяу айдап барып сататынымыз әлі есімде. Қаршадай кезімізден қанбазардың қызығына қанып өстік. Ертерек қойларымыз сатылса, балмұздақ алып беріп, мәз қылатын. Бір сөзбен айтқанда бала кезімнен бейнетке бейім болып өстім.

Анам «Мінезің маған ұқсайды» дейді. Ал өзім көп мінезімді әкеме ұқсатамын. Екеуінің де бізді тәрбиелеудегі әдістері ылғи бірін-бірі толықтырып тұратын. «Кісінің ала жібін аттамаңдар», «Тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің», «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деп мақалдатып-мәтелдетіп ақылдарын айтып отыратын.

Бірнеше жыл бұрын әкемнің 70 жас мерейтойын өткізген болатынбыз. Сонда жолдас жігіт әкеме «балаңызға ұқсап қалыпсыз ғой» десе әкем, «Жақсылап қарашы! Бәлкім мен оған емес, ол маған ұқсайтын шығар!» деп әзілмен әдейі жауап бергені бар. Әкем ары-бері орағытып, қисық сөйлемей, турасын айтатын. Адаммен тез тілтабысу, кісінің көңіліне тимей сөйлейтін қасиеттерім анаммен келген сияқты.

Анам әрдайым «Балам, сен Ботпай руының перзентісің. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген бар. Қай жаққа бет түзесең де ата-тегіңді бір сәт қаперден шығарма!» деп отырады. Әкем де «Ертең бір қызға ғашық болсаң, ол туысың болып шықса қайтесің?» деп құлағыма құйып отыратын.

Әке-шешемнің бағыттауымен заң саласы бойынша білім алып, мемлекетке қызмет етіп келемін. Қызмет жолында осы саланың сан түрлі баспалдағынан өттім. Өмір болған соң талай түйткіл болады. Алайда, ата-анам жұмысыма іздеп келіп, «мына шаруаны былай жасасаң қайтеді?» деп қолқалап, тапсырма не өтініш айтқан емес.

Әкем бір күні «Балам, түс көрдім. Сен Астанаға ауысасың жақында» деді сенімді түрде. Айтқаны айна-қатесіз дәл келіп, Астанаға ауыстым. Ол жақтағы қызметім жан-жағыма қарайлауға мұрша бермейтіндей қарбалас болды. Күнделікті таңғы бес жарым, алтыда тұрамын да, жуынып, тамаққа отырамын. Олар сол кезде қоңырау шалып, тек таңғы ас кезінде ғана сөйлесе алатын болдық. Сонда екеуі де менімен тілдесу үшін ғана таңсәріде тұруға мәжбүр болатын.

2007 жылы әкемнің жүрегіне Мәскеуде ота жасаттық. Жап-жақсы жазылып шыққан еді. Алайда әпкем мезгілсіз қайтыс болып, соның қайғысы ауыр соқты ма деймін, бір күні телефонмен сөйлесіп жатқанымызда: «Балам, мен 15 келідей салмақ тастадым» деді. Содан көп ұзамай бақиға аттанып кете берді.

Қазір анаммен жиі телефон арқылы сөйлесіп тұрамын. Қолым қалт еткенде ауылға қарай асығамын. Сөйлескен кезде шалын айтып көзіне жас алатыны бар. Кей замандастарының азайып бара жатқанына да қамығады.

Ауылда әкем екеуінің құрған шаруа қожалықтары бар. Қасына туыстарымызды алып, сол шаруашылықты ермек етеді. Аллаға шүкір, жан-қуатымен де, ден қуатымен де анам әлі тың. Өзінің сүйегі асылдан жаралған мінезді кісі. Көрегенділігімен күшенбей-ақ сол шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. Өзім Алла берген жеті баланың әкесімін. Солардың керек шаруаларына қаржысы таусылса «Тезірек күз болып, апамыз тоқтыларын сатса екен» деп алақандарын ысқылап отырады.

Әкем көз жұмғанша рақметін айтып, батасын беріп кетті. Бүгінде дұғама ата-әжелерімді, әкемді қосып, білген сүрелерімізді оқып тұруды әдетіме айналдырғанмын.

Әкем «Ешкімге жамандық жасама! Қайтіп өзіңе келеді. Немесе балаларыңның алдынан шығады» деп өсиет айтатын. Ата-анамның осы өсиеттері маған бағдаршам секілді жол нұсқап тұрады.

Анамның бойындағы қайсарлық пен мейірім-қуатты қызымның болмысынан көрген сайын қуанамын. Менің анам ақыл мен мейірімді, шыдам мен төзімді бір бойына тоғыстырған ерекше адам. Бүгінде немере мен ұл-қыздарының алдында аман-сау жүргеніне шүкір етемін. Маған анамды қуантудан асқан бақыт жоқ.

Бақытжан МАЛЫБАЕВ,
облыстық полиция
департаментінің бастығы,
полиция полковнигі