Дәрігер әрі қаламгер
Ақерке Тоқбергенова – өз ісіне жан-тәнімен берілген маман, акушер-гинеколог, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Ол мыңдаған ананың аман-есен босануына көмектесіп, жаңа өмірдің бастауында тұрған жан. Жапонияда білімін жетілдірген кәсіби дәрігер бүгінде тек тәжірибелі маман ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосушы тұлға ретінде де танылып келеді. Ол жақында өз саласындағы жылдар бойғы білімі мен тәжірибесін жинақтап, «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана» атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбек – жас қыздарға, болашақ аналарға арналған жол көрсетуші құрал.
Ақерке Жамбыл ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келген. Медицинасына саласына қызығушылығы оны Қарағанды медициналық университетіне жетеледі. 2008 жылы осы оқу орнына түсіп, 2013-2015 жылдары акушерлік-гинекология бойынша интернатурадан өтті. Кейін 2015-2018 жылдары резидентураны аяқтап, толыққанды дәрігер атанды. Университет қабырғасында болашақ жарын жолықтырды. Екеуін тағдыр ғана емес, ортақ мақсат та біріктірді. Білімін аяқтаған соң, жас отбасы туған жеріне оралуды жөн көрді. Қазір жолдасы жедел жәрдемде аға дәрігер қызметін атқарады. Ал Ақерке Ахметқызы еңбек жолын облыстық перинаталдық орталықтан бастады. Қабылдау бөлімінің меңгерушісі ретінде көптеген аналардың денсаулығына жауапты болып, талай жанға қуаныш сыйлады. Оның білімі мен еңбегін елеп, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғыс хатпен марапаттады.
2019 жылы Ақерке Жапонияға барып, медицина саласындағы үздік тәжірибелерді меңгеріп қайтты. Бұл сапар оған тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, өмірлік көзқарасын кеңейту жағынан да үлкен өзгеріс әкелді. Ол жапониялықтардың ана мен бала денсаулығына қаншалықты мұқият қарайтынын, жүктілік пен босану үдерісіне ерекше мән беретінін өз көзімен көрді.
Ал кейіпкеріміздің «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана» кітабында ана болуға дайындық, босанғаннан кейінгі кезең, психологиялық қиындықтар, жас аналардың жиі жіберетін қателіктері туралы жан-жақты баяндайды. Автор өз тәжірибесінде кездескен шынайы оқиғаларды мысалға келтіріп, оқырманын терең ойға жетелейді. Ол кәмелетке толмаған қыздардың алданып, қиын жағдайда қалғанын, босанғаннан кейін күйзеліске түсіп, өз өмірін құрдымға жіберген аналарды көрген сайын, оларға моралдық қолдау көрсетуді өз борышы санайды.
Ақерке үшін акушерлік – тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік пен миссия. Ол өз кәсібін дамытуда да жаңа белестерді бағындыруда. Бүгінде жеке қабылдау жүргізіп, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қыз-келіншектерге пайдалы кеңестер беріп жүр. Оның «Instagram», «TikTok», «YouTube» парақшалары қысқа уақытта мыңдаған оқырманның сеніміне ие болды.
Ақеркенің ең басты жетістігі – өмірге келген әрбір нәрестенің амандығы. «Осы күнге дейін 10 мыңнан астам баланың дүниеге келуіне көмектестім» деп мақтанышпен айтады. Акушерлік жұмыстың қиындығын да жасырмайды. «Босанушы әйелдердің көбі қажетті ақпараттарды білмейді, дайындықсыз келеді. Осыдан психологиялық әрі физиологиялық қиындықтар туындайды» дейді дәрігер.
Қазір ол жеке қабылдау жүргізумен қатар, өзінің жеке брендін қалыптастырумен айналысып жүр. Жас аналар мен бойжеткендерге денсаулықты күтудің маңызын ұғындыруды көздейді. Ал оның кітабы тек медицина мамандарына ғана емес, болашақ ана атануды жоспарлаған кез келген қыз-келіншекке пайдалы болмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА