Гиннестің рекордтар кітабына енген алғашқы қазақ қызы
Жамбы ату – қазақтың көнеден жеткен ұлттық жауынгерлік өнері. Ат құлағында ойнаған қырағы, құралайды көзге атқан мергендер жүйрік атпен шауып бара жатып, бағанға ілінген жамбыны садақпен атып түсіреді. Тарихтың сарғайған бетіне сіңіп бара жатқан сайыс түрі бүгінде қайта жаңғыра түсті. Бірақ бұл спорт негізінен ат үстінде орындалады. Ал түйе мініп садақ ату – бұрын-соңды жасалмаған ерекше тәсіл. Ал Меркі ауданының тумасы, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің студенті Аружан Амангелдіқызы 2023 жылдың 4 қазанында Алматы қаласында түйе үстінде садақ атып, жамбыны дәл тигізуден рекорд орнатып, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Осылайша, Аружан Гиннестің рекордтар кітабына енген алғашқы қазақ қызы атанды.
Аружан 100 метрді 12 секундта еңсеріп, 30 метр қашықтықта орналасқан үш нысананы да дәл көздеген. Бұл нәтиже халықаралық деңгейдегі мамандар тарапынан мойындалып, Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Осы тарихи сәтті арнайы төрешілер бақылап, барлық талаптардың орындалғанын растады. Бұл жетістік тек Аружанның ғана емес, бүкіл қазақ халқының ұлттық спорттағы үлкен жеңісі болды
Ата-анасы малшаруашылығымен айналысқандықтан, Аружан бала күнінен жылқыға жақын болып өсті. Жуас атқа мінгеннен гөрі асау тайды үйретуге, оны өзіне бағындыруға көбірек қызығатын.
Жеткіншек кезінде бәйгеге де қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген. Ауылдастарымен бірге ұйымдастырған бір бәйгеде күнделікті шаруаға мініп жүрген қарапайым атымен жүйріктердің бәрін шаң қаптырып, алға суырылып шыққан сәті де есінде. Соңғы айналымға шыққанда өздерінің ұйымдастырған бәйгесінде жүлдені жеңіп алуды ұят санап, әдейі артта қалуды жөн көрген. Бірақ бәйгеге деген құштарлығы басылған емес, кейін де түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрді.
Ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығы Аружанды Алматыға келген соң «Топжарған» этно-өнер орталығына алып келді. Орталық басшысы Ғабит Таңатов атқа мінетін қыздарды іздеп, Аружанмен хабарласады. Сөйтіп Аружанды орталыққа жұмысқа шақырды. Өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туған соң, ол бірден келісімін берді. Осы орталықта жүріп, Аружан садақ атуды меңгеріп, жамбы ату спортына ден қойды. Бірде орталық басшысы оған түйе үстінде садақ ату идеясын ұсынды. Бұл бұрын-соңды жасалмаған трюк болғандықтан, ерекше жаттығуды талап етті. Бірақ Аружан еш ойланбастан осы ұсынысты қабылдап, түйеге мініп жамбы атуға машықтанды.
Түйе үстінде жамбы атуға арналған жаттығулар үш жарым айға созылады. Алдымен асау түйені үйретіп, содан кейін садақ тартуға машықтанды. Одан кейін түйе үрікпесін деп, оны жамбы атуға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы сәтті аяқталған соң, Алматы қаласында ресми түрде рекорд орнату шарасы өтті.
Аружан ұлттық спортты одан әрі дамытуды көздейді. Ол өз жетістігі арқылы қазақ қыздарының да садақ ату, ат спортында, ұлттық ойындарда биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдегісі келеді. Қазіргі таңда ол жас қыздарға жамбы атуды үйретумен айналысады. «Топжарған» этно-мәдени орталығы да бұл бастаманы қолдап, қазақтың дәстүрлі спортын әлемге таныту жолында тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда.
Бұл ерекше жетістік – қазақ халқының ұлттық мұрасының жандануының жарқын көрінісі. Аружанның табандылығы мен қайсарлығы ұлттық спортымыздың одан әрі дамуына жол ашары сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА