Қоғам

Адамның асылы ісінен білінеді

Қоғамда ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзікжандылар кез келген салада табылады. Жалпы әйелдің қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екені бұған дейін де айтылып та, жазылып та жүр. Десе де қайсарлық пен табандылықты, адал еңбек пен үлкен жауапкершілікті жанына жалау еткен қыз-келіншектер қандай құрметке болсын лайық. Мереке қарсаңында осындай бірнеше нәзікжандының өмір жолына үңіліп, қоғамдағы орнын айшықтап, оларды өзгелерге үлгі етуге тырыстық.

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ КӨШІН ІЛГЕРІЛЕТКЕН КЕЛІНШЕК

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – «Әулиеата – Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Фарида Жүнісова. Бюджетке салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің қоғамға бергені де, берері көп. Сондықтан да оған «AMANAT» партиясы атынан облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымына депутат болуға ұсыныс түскені анық. Бүгінде халық қалаулысы ретінде келелі мәселелерді биік мінберде қозғап, тұрғындар аманатын билікке жеткізуде өз міндетін абыроймен атқарып жүрген Фарида Амансарықызының өмір жолына үңілсек, оның тұлға болып қалыптасуына өскен ортасы, бала күнінде берілген тәлім-тәрбие ықпал етсе керек. Оның ата-анасы Сарысу ауданында қызмет істеп жүргенде көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген екен. Балалық шағы қайда өткенін әңгімелеген Фарида Амансарықызы отбасында алты бала тәрбиеленгенін, бір әпкесі, екі сіңлісі, екі інісі бар екенін сөз етті.

Бастапқыда кәсіпкердің туған өңірінде жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын ашу туралы ойы болыпты. Осы ой жетегімен тиісті басқарма, әкімшілікке барып кеңес алған. Сол кезде тиісті тараптан өңірде жұмыртқа емес, ет бағытындағы құс фабрикасын ашу туралы ұсыныс түсіпті. Өйткені өңірде жұмыртқа өндірісі бар болғанымен, құс етін өндіру саласы әлі дамымаған кез екен.

Қазіргі таңда аталған құс фабрикасында 247 адам жұмыс істейді екен. Орташа жалақы мөлшері 185-195 мың теңге аралығында. Қызметкерлерге әлеуметтік пакет қарастырылыпты. Ай сайын әрбір жұмысшыға 20 келі құс еті тегін беріледі. Сонымен қатар, кәсіпорында кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді екен. Оның аясында қызметкерлерге санаторийлерге жолдамалар, мерекелік сыйлықтар беріліп келеді. Жұмысшыларға тегін тамақ ұйымдастырылып, арнайы көлік тасымалы да қарастырылған. Қызметкерлердің 60 пайызын әйелдер құраса, негізінен жұмыс күші жақын маңдағы ауылдардан тартылыпты. Ал басқарушы құрам мен технологтар, бас ветеринар мамандар Тараз қаласынан, сондай-ақ Өскемен, Семей секілді басқа өңірлерден шақырылған екен. Көптеген адамға тұрақты табыс көзін ұсынған кәсіпкердің өмір жолы кез келген адамға үлгі болатыны анық.

 

ӘКІМ БОЛСА ДА ӘЙЕЛ ЕКЕНІН ҰМЫТПАҒАН ЖАНАР

Қарасаз ауылдық округіне Қарасаз, Ақбастау, Жүрімбай, Көктас және Қарасу ауылдары кіреді. Аталған ауылдық округтің тұрғындар саны 3 587 болса, олардың арасында 13 түрлі ұлт өкілі бар. Осы ауылдық округті 38 жастағы Жанар Нұрмұратқызы басқарып отыр. Ол Өзбекстан Республикасы, Новаий облысы, Кенимех ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келіпті. Ата- әжесі Қызылорда облысы, Шиелі ауданынның тумасы. Алайда 1932 жылғы нәубетте олар Өзбекстанға қоныс аударып, әкесі сол елде өмірге келіп, отбасын құрған. Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін, яғни 1996 жылы наурызда отбасы туған жерге оралып, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылынан қоныс теуіпті. Бүгінде ата-анасы екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Әкесі Нұрмұрат Елеусінұлы, анасы Рахат Тухтайқызы қазақ еліне қоныс аударғаннан кейін жұмыссыз, үйсіз қалып, тұрмысын қалыптастыру жолында көптеген қиындықтарды бастан өткерген. Әкесі түрлі жұмыстарды істеп, трактор да тізгіндеген. 2001 жылдан бастап әкесі Жүрімбай және Қарасаз ауылдарынан сүт жинау ісін қолға алып, сүт тасымалдаумен айналысатын кәсіпкер атанған. Осылайша оның отбасы тығырықтан біртіндеп шығып, жағдай тұрақтанған. Анасы сауыншы болып еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан.

Ол ең алдымен отбасында, қоғамда өзінің әйел екенін ұмытпағанын айтады. Бала тәрбиесіне көңіл бөлу, ата-ене алдында келіндік міндетін атқаруды бір сәтке де естен шығармағанын тілге тиек етті.

Әкіммін демей қарапайымдылық қалпын сақтаған, ел көңілінен жағымды мінезі, іскерлік қабілетімен шыға білген Жанар Нұрмұратқызының өмір жолы осындай. Мемлекеттік қызмет пен отбылық қарым-қатынасты сақтай отырып, әйелге тән мейірім мен әкімге тән қажыр-қайратты үйлестіре білген осындай жандар ғана қоғамның тірегі бола алады.

ЖҰМЫСШЫ ДАҢҚЫНЫҢ АСҚАҚТАУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ДИНА

Қарапайым еңбек адамдарының қоғамның дамуына қосатын үлесі айрықша. Өндіріс орны, зауыттар мен фабрика және басқа да салада еңбек етіп жүргендер – ел экономикасына үлес қосушы негізгі жұмыс күші, әрі өркениет жолында тер төгіп жүргендер.

Осындай қажырлы еңбек иесінің бірі – Дина Мұхамбетова. Ол «Super pharm» зауытында еңбек жолын 2011 жылы қарапайым жұмысшы болып бастап, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен табандылығының арқасында цех басшысы деңгейіне дейін көтерілген. 14 жылдың ішінде 3жылдай жиынтықтарды ораумен айналысса, қазіргі уакытта қаптау цехын басқарып отыр.

Дина Бектұрғанкызы 1977 жылы 2 қарашада Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Өмірлік серігі Қавнат екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеуде. Үш немересі бар. Ол ұжымда абыройының асқақтауына әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне сеніп тапсырылған міндетті мінсіз орындағаны арқау болғанын айтады. Жұмысқа деген ынта-жігері оны жүктелген жұмысты тез меңгеруге, білікті маман болып қалыптасуына ықпал етіпті.

Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында ол қарапайым жұмысшыны қоғам құрметтей бастағанына разылығын білдіріп, әсіресе әйелдер қауымын мамандығына қарамай құрметтеу аса қажетті іс екенін тілге тиек етті.

Бүгінде елімізде жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге айрықша назар аударылуда. Ендеше жастарды жұмысшы маманы ретінде еңбекке тарту, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруде Дина секілді кейіпкерлердің пікірі құнды. Осындай қарапайым, бірақ еңбегімен биікке көтерілген жандар шынында елеуге тұрарлық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ