Салмағы бөлек Салтанат
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов БАҚ саласындағы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектермен кездесті.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен салтанатты кешке «Мархабат» журналының бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Бекнұр Сатыбалдиев, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек қатысып, қаламгер әріптестерін мерекесімен құттықтады.
Басқосуды құттықтау сөзбен ашқан Жаңабай Миллионов осы салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылардың еңбегін ерекше атап өтіп, алда келе жатқан мерекемен құттықтады.
Мұнан соң жиынға қатысушы өзге ер-азаматтар да аруларды төл мерекесімен құттықтап, табыс, сарқылмас шабыт, отбасыларына береке тіледі.
Жиын барысында еңбектері еленген 11 журналист Журналистер одағына қабылданды. Олардың арасында облысымызға белгілі ақын-журналистер Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылық, Эльмира Байназарова, Диана Қалманбаева, Назерке Оңғай, Ғалия Абылай, Толғанай Атабай бар. Сондай-ақ жиынға қатысқан барлық қыз-келіншектерге сый-сияпат табыс етілді.
Өз кезегінде қаламгер арулар да көрсетілген құрметке шын алғысын білдірді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ