Мейірім шуағы
Құдіреті күшті Құдай қыз баланы жаратқаннан-ақ ана болуға дайындап қойған. Ес білгелі жандүниесі елжіреп, бауырларына қамқорлық танытудан бөлек, туабіткелі ас дайындап, кір жуып, бала қарауға бар болмысымен бейім екенін бірден аңғаруға болады. Тұрмысқа шығып, отбасы құра қалса, нәзік жаны елжіреп, бір үйдің тіршілігін дөңгелетіп ала кететіні де сондықтан.
Таңалакеуімнен басталатын толассыз тіршілігі, кеш қарайып батқанша бітпесі анық. Қазанын оттан түсірмеуі бір парызы болса, төрінен қонағын үзбеуі мың парызы. Одан бөлек, ата мен ененің жағдайын жасап, өмірлік жолдасының көңіліне селкеу түсірмей баптауы да бір туындыға татитын тіршілік. Мұның барлығы сайып келгенде аналардың өміріне тән барлық қасиетті бойына сіңіруінен бастау алады.
Бесіктегі баланың бабын тауып, тіршіліктің барлық тұтқасын қатар ұстап жүруді аналарға еш мектеп үйретпейді. Бұл қыз атаулының өмірдің өзі бойына дарытқан, туабітті қадір-қасиеті, шынайы болмысы. Оның үстіне шешесінің әлдиін естіп өскен, айналайынын жиі тыңдаған, аялы алақанының жылуын сезінген балалардың да бойынан мейірім төгіліп тұрады. Осы ретте «Бір қолымен бесікті тербеткен ана, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздің растығына көзің жетеді.
Қазақ «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деп түйіндеген екен. Бұл мақалдың мағынасы – жетім өскен бала (жетім қозы) қамқорлықсыз және мейірімсіз қалады. «Тасбауыр» дегені – жүрегі, сезімі жоқ, яғни, мейірімділіктен, сүйіспеншіліктен, қорғаныштан қағылғандығын білдіреді. Ал «Түңілер де отығар» деген себебі, егер оған мейірім көрсетілмесе, ол әлеуметтік, моральдық тұрғыда соққы алады, бірақ өмір ерте есейтуі мүмкін. Сондықтан бала үшін ата-ананың, әсіресе ананың орны бөлек. Бұл жайында әйгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев «Әкемді алсаң, ал, Құдай, шешемді қой, Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» дегені халықтың сөзінің мәнін терең түсіндіріп берген. Тағдыр талайы, замана нәубеті зар илеткен қара баланың да үнінен ананың статусын, дәрежесенің қаншалықты биік екенін білесіз. Ана жүрегі соғып тұрса, баласын қандай жағдай болмасын өлтірмейтініне көзің жетеді.
Аспан асты, жер үстінде аласапыран басталып кетсе де әйелдердің әупірімі, әрекеті – жардағыны құлатпай, жағадағыны жылатпай, ызғарға қалдырмай, аязға тоңдырмай алып шығады. Тіршілігі қырық жамау болса да, қырық шырақтының – жоқтан бар жасап, өзі жемесе де, өзегі талмас үшін баланың аузына тоса қояр қамқорлығы, адамды қандай қиындықтан болса да амалдап аман алып қалуы, анаға тән барлық қадір-қасиеттің белгісі. Желдей жарысып, күндей толысып, аман жүруіміздің де бір себебі сол ақжаулықты аналарымыздың ақ тілеуі екеніне осыдан соң ақ көзің жетеді.
Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген баласының дүниеге келуін зарыға аңсайтын ананың алпыс екі тамырын идіріп, тас омырауын жібітіп, тар құрсағын кеңітіп жеткен сәбиі дүниеге келгеннен кейін де бар ғұмырын баласын баптауға, күтуге арнайтыны сөзсіз. Түн ұйқысын төрт бөліп, түн қатып бесік таянуы, жаңа туған нәрестенің тілін түсінуі барлық аналарға тән ортақ мінез, бірдей болмыс екенін айғақтай түседі.
Өмір есігін жаңа ашқан бөпесін бауырына баса салып, ақ бесігін тербетіп, жыласа – жұбанғанын, ұйықтаса – оянғанын, ақ уызға тойғанын, отырғанын, қаз-қаз тұрғанын, тәй-тәй басып жүргенін, күлгенін, былдырлап сөйлегенін күтеді. Одан кейін балабақшадан, ойыннан, мектептен келгенін, есейіп жоғарғы оқу орнынының табалдырығын аттанғанда сабақтан, кинодан қайтқанын кірпік ілмей тосады.
Әскерден аман-есен келуін тілейді. Баласы сыртқа шықса үйге кіргенін күтетін бір адам болса, ол тағы да ана. Кейін өмірлік жар тапқанын, шаңырақ көтеріп, келіншек алып келгенін, балалы болғанын көруге асығады. Тіпті бәрі күдерін үзіп, әлем теріс айналған сотқар, оспадар ұлдың қасында да қалатын жалғыз ана.
Жанды жырға, көңілді нұрға малыған мамыражай тыныштықты сәбиінің үнімен бөліп, жер-көктің апшысын қуырған зұлмат соғысты бір тамшы көз жасымен тоқтататын Құдайдан кейінгі құдірет ол ана ғана.
Бірде бір ақжаулықты анадан сұрапты «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп. Сонда ол: «Ауырған баламды – жазылғанша, үйден шығып кеткен баламды – оралғанша, кіші баламды – өскенше, мен оларды кеудемдегі жүрегім тоқтағанша – түгел жақсы көремін», деп жауап берген екен.
Ана туралы аңыздарға сүйенер болсақ, ертеде Жиренше шешеннің ақылды да ажарлы әйелі Қарашашқа ханның көзі түсіп, көңілі кетеді. Соны сезген Жиренше ханның назарынан қалай әйелін қорғап қалу жағын ойлап, басы әбден қатады. Содан әрі ойлап, бері ойлап тығырықтан шығар жол таппаған ол Қарашаштың ақылына жүгінеді.
«Айналайын, Қарашаш! «Сені ханның «қармағынан» қалай сақтап қаламын?» деп басым қазандай болды. Еш жолын таппай қиналып жүрмін. Ақыл қоспасаң болар емес, мен әбден титықтадым» – дегенде: «Е, мен оны күні бұрын ойлап қойғам. Ханнан құтылу еш қиын іс емес. Сен ханды аң аулауға шақыр. Аңшылар тобын екі-үш күндік ұзақ, шалғай түзге алып кет. Әбден шаршап, азықтары таусылатын болсын. Сол кезде ханға менің омырау сүтіме иленген нанды жегіз. Сонымен шаруа бітеді» – деп ақыл қосады Қарашаш еш саспай.
Жиренше барлығын әйелі айтқандай жасайды. Аң аулау бірнеше күндерге созылып, азық-түлік бітеді. Қарны ашқан ханға Жиренше дорба түбінде жатқан әйелінің пісірген нанын ұсынады. Әлгі нанды жеп отырып хан: «Қанша жыл ел билесем де тура мынадай дәмді нан жеген емеспін. Бұл өзі қандай нан?» деп Жиреншеге сұрақ қояды. Жиренше ештеңені бүкпей, бар шындықты жайып салады.
Сол сәтте хан атынан домалап түсіп, Жиреншеден кешірім сұрайды. Өйткені өзі сыртынан ғашық болып жүрген сұлу әйел Қарашаш бір сәтте-ақ абайсызда оның анасына айналады. Ананың ақ сүтінен қасеиетті, одан артық бұл дүниеде ештеңенің жоқ екенін білетін хан Қарашаштың алдында борышкер екенін сезініп, бұрынғы райынан қайтып, қалған өмірінде оны анасымен қатар қойып, сыйлап өтіпті.
Ана сүті баланың өсіп, қуатты болып жетілуіне ықпал етсе, ақ батасы барлық қиындықтан сақтайды. Ақ тілегі мен ниетіне орай ұл-қыздың қадірі артады, беделі биіктейді. Мейірімі мен махаббаты баланы барлық кесір-кесапаттан аман сақтайды. Аналардың тілеуімен жер көгеріп, ел іргесі берік болары да сөзсіз.
Бірде анама қоңырау соуға қолым тимей кетті. Араға ай салып дәл сабаққа кіріп бара жатқанда шешем дамылсыз қоңырау соқты. Асығыс қана «Мен ұстаздың алдында, дәріс оқып, тіл үйреніп отырмын» деп тұтқаны тастай салдым. Сол сәт шешемнен sms хабарлама келді. Ол жерде «Ұстазыңнан сұрашы, анаңа қоңырау шалуды үйрететін дәрісі жоқ па екен?» деген жазба тұрды. Сол күннен кейін «Қайырлы таң, анашым!» деп айтудың өзі аналар үшін қандай маңызды екенін ұқтым.
Әкем қоңырау шалды: «Жағдайың жақсы ма? Жаурап жүрген жоқсың ба? Анаң уайымдап жатыр еді» дейді. Інім қоңырау соқты: «Қалыңыз қалай, әпкетайым? Қаражатыңыз таусылып қалған жоқ па? Мамам сұрап жатыр» дейді ол да. Сәлден соң келінім хабарласты: «Құрт, май, сүт, айран салып жібердім, таксиден. Күтіп алыңыз. Мама, сізге ауылдың дәмін беріп жібер деп еді», деп. Жалғыз менің ғана емес, барлық ана бауыр еті баласы үшін тілеулес. Отбасының ұйытқысына айналған, қайран аналар! Сіздер аман болыңыздаршы, қанатсыз періштелерім!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ