Мәдениет

Ақын атындағы бұрыш ашылды

Облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығында белгілі қаламгер, айтыскер, ақын Серік Қалиевтің шығармашылық мұрасын насихаттап, еңбектерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында арнайы бұрыштың ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай және Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, сондай-ақ Серік Қалиевтің туыстары, айтыскер ақындар, өнерсүйер қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында сөз алған Аманжол Әлтай мен Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров Серік ақынның сан қыры жайлы естеліктер айтып, бұрыштың ашылуымен құттықтады.

Ары қарай Серік Қалиевтің інісі, дәстүрлі әнші Берік Қалиев сөз сөйлеп, «Ағалар-ай» әнін орындады. Сонымен қатар орталықтың үйірме қатысушысы Айша Сұлтанхан Серік Қалиевтің «Ұстаздар» өлеңін, ал ақынның ұлы Хамза Серік «Оян қазақ!» өлеңін нақышына келтіре оқып берді.

Кеш барысында Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының куәлігі облысымыздың жас жыршы-термешілері мен айтыскер ақындарына табысталды.

Бұрыштың лентасы қиылғаннан кейін мекеме директоры Ахметжан Өзбеков Серік Қалиевтің шығармашылығы мен оның өнер жолындағы жарқын сәттері жайлы сыр шертіп, естеліктерін ортаға салды.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ