Жаңалықтар

Республикалық айтыстың бас жүлдесі Серік Қуанғанда

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы биыл да жоғары деңгейде өтті. Тілдерінен бал тамған ақындар Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілікті жырға қосып, елдік пен бірліктің маңызын дәріптеп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.

Айтыс басталмас бұрын облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы Жамбыл Жабаевтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымды іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, облыстық, қалалық ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым және қоғам белсенділері мен тараздықтар қатысып, таутұлға рухына тағзым етті.

Гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін көпшілік «Баласағұн» орталық концерт залына қарай ағылды. Жамбылдық жұртшылықтың айтысты сағынып қалғаны соншалық, атшаптырым залда ине шаншыр болмады. Жыр додасын Аманжол Әлтай тізгіндеді. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман болса, құрамында жазушы, драматург Роза Мұқанова, ақын, журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, журналист, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық болды.

Алғашқы жұп болып сахнаға Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртай мен Шығыс Қазақстан облысынан келген Серік Қуанған шықты. Айтысты бастаған Рүстем Қайыртай:

Серік ақын да суырыпсалма сөз өнерінде кез келгенмен тайталаса алар тегеуріні бар екенін танытты.

Шұғайып Сезімхан мен Нұрзат Қарудың айтысында құрдастар әзілі, жастық жалын көрініс тапты.

Нұрзат Қару:

Ал Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина мен жамбылдық Әсет Дүйсебаев қыз-жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Айтысты бастаған Әсет ақын:

Ал, Жансая:

Жамбылдық Нұрлыбек Құрманов та керекулік Рауан Қайдаровпен терезесі тең айтысты.

Жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекова мен шымкенттік Қалижан Білдаштың жеңге мен қайны айтысы да көрерменнің көңілінен шықты.

Алтынкүл Қасымбекова салған жерден:

Мұнан кейін сахна төріне көтерілген жамбылдық Рай Дөңбай мен атыраулық Батыржан Қадырбай, Астана қаласының намысын қорғаған жамбылдық Мұхтар Қонарбаев пен қызылордалық 3 дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жұбы да айтыстың ажарын аша түсті.

Финалға қазылар алқасының шешімімен 8 ақын өтті. 14 ақынның арасынан іріктеліп шыққан ақындар ақтық айналымда да аянып қалмай, халықтың жүрегінен шыққан айтыс жасай білді.

Сонымен қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесіне Серік Қуанған лайық деп танылып, жеңімпазға 1 700 000 теңгенің сертификаты табысталды. Мұхтар Ниязов бірінші орынды (1 200 000) иеленсе, Жансая Мусина екінші орынды (1 000 000) еншіледі. Үшінші орын (750 000) Мұхтар Қонарбаевқа бұйырды. Сондай-ақ 4 арнайы жүлде тағайындалып, әр ақынға 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. «Ұлбике ақын» атындағы жүлдені жамбылдық Әсет Дүйсебаев, «Кенен Әзірбаев» атындағы жүлдені абайлық Рүстем Қайыртай иеленді. «Бауыржан Момышұлы» атындағы жүлде алматылық Шұғайып Сезімханға, «Әзімбек Жанқұлиев» атындағы жүлде керекулік Рауан Қайдаровқа берілді.

Кеш соңында Жүрсін Ерман мен Аманжол Әлтаев биыл 50 жасқа толған белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбековты мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетіп, арқасына шапан жапты.

Осылайша көптен күткен ақындар аламаны мәресіне жетіп, халық айтыспен сусындап, ақындар да арқа жазып қалды.

 

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ