Жаңалықтар

Халық даналығынан нәр алған

Әр адамның таңдаған кәсібіне адал болып, сол салада биік белестерді бағындыруы – құрметке лайық қасиет. Осындай еңбекқорлығы мен кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында абырой биігінен көрініп жүрген жанның бірі – 43 жыл бойы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде қызмет еткен бас библиограф Дариға Сәрсенова.

Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Дариға Сәрсенова мектепті тәмамдаған соң жоғарғы білім алуға ұмтылып, 1973 жылы институтты аяқтады. Еңбек жолын сол жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында библиограф қызметінен бастаған. 1998 жылы жоғары оқу орындарын реформалау аясында қайта жасақталған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне бас библиограф болып ауысып, осы салада талмай қызмет атқарды.

Библиограф қызметі – тек кітапханамен шектелмейтін ғылыми зерттеуді, үздіксіз ізденісті қажет ететін мамандық. Дариға Сәрсенова осы салада өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол 43 жыл бойы кәсібіне адалдық танытып, әріптестеріне үлгі бола білді. Оның жетекшілігімен университеттің ғылыми еңбектері жүйеленіп, студенттердің ғылыми жобалары мен оқытушылардың еңбектері «Әмбебап ондық жүктеу» жүйесі бойынша жіктеліп отырды.

Дариға Сәрсенова Тараз қаласындағы «Университет тынысы», облыстық «Аq jol», «Жамбыл-Тараз» газеттерінде оқу орнының мәдени-ағарту шаралары, білім беру жүйесіндегі жаңалықтар туралы мақалалар жазып, жастардың тәрбиесіне белсене атсалысты. Сонымен қатар, университеттің көпсалалы колледжінде «Библиография» мамандығы бойынша дәріс беріп, жас мамандарды тәрбиелеуге зор үлес қосты.

Ұзақ жылдық қажырлы еңбегі еленіп, Дариға Сәрсенова бірнеше мәрте марапатталды. 1979 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, 1996 және 1998 жылдары Білім беру қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық комитетінің «Құрмет» грамотасымен, 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, 2007 жылы Тараз қалалық мәслихатының «Құрмет» грамотасымен, 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, 2009 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2013 жылы Жамбыл облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен, 2018 жылы М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің 60 жылдығына орай «60 жыл» төсбелгісімен, 2023 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Алғыс хатымен», 2024 жылы аталған университеттің төсбелгісімен марапатталды.

Дариға Сәрсенова 200-ден астам ғылыми мақаланың, 5 оқу құралының және 5 биобиблиографиялық көрсеткіштің авторы. Ол тек білім саласында емес, ғылыми зерттеу жұмыстарының дамуына да елеулі үлес қосты.

Кітапханашы – тек кітаптарды жүйелейтін маман емес, ол – ғылымға жол сілтеуші, білім мен ақпаратты жүйелеп, болашақ ұрпаққа аманаттайтын тұлға. Дариға Сәрсенова осы биік межеден көрініп, өзінің ұзақ жылдық еңбегімен жастардың болашағына бағдар берген маман.

Білімі мен біліктілігі ұштасқан, еңбегінің жемісін көрген Дариға Сәрсеноваға зор денсаулық, шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз!

 

Мадина ЕСБЕРГЕНҚЫЗЫ,

еңбек ардагері