Қимылды ойындардың пайдасы көп
Қимылды ойындар – балалардың денсаулығын нығайтуға, физикалық және психикалық дамуын жақсартуға арналған тиімді әдіс. Мұндай ойындар олардың денсаулығын қалыптастырып, өмірге деген құлшынысын арттырады. Баланың көп қимылдауы оның ағзасына оң әсерін тигізеді. Бұлшық еттердің дамуын, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын және эмоционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бала организмінің барлық жүйелеріне оң әсер етіп, дененің үйлесімді дамуына мүмкіндік береді.
Қозғалыс бұлшық еттерді нығайтып, сүйек жүйесінің сау қалыптасуына септеседі. Жаңа өсіп келе жатқан дене бітімін реттеумен қатар, жүрек-тамыр және тыныс алу жүйелерінің жұмысын жақсартады. Қимылдау барысында бала денесінің барлық бұлшық ет топтары жұмыс істейді. Бұл әсіресе, секіру, жүгіру, тартылу және басқа да қозғалыс әрекеттері кезінде байқалады. Бұлшық еттер күшейіп, олардың төзімділігі артады. Сүйек тіндерін нығайтып, бала бойының дұрыс өсуіне ықпал етеді. Қимыл белсенділігі арқылы сүйек пен бұлшық еттердегі зат алмасу процесі жақсарады. Ойын кезінде балалар терең дем алып, дұрыс тыныс алу әдісін үйренеді.
Белсенді дене қозғалысы бала ағзасын нығайтады және иммундық жүйені күшейтеді. Бүлдіршіннің суық тию және басқа ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Әсіресе ойын көбіне ашық ауада өтсе, бұл балалардың таза ауада тыныс алуына мүмкіндік беріп, ағза оттегімен толық қамтамасыз етіледі. Оның үстіне сыртқы ортадағы температуралық өзгерістерге үйретеді, суық тиюдің алдын алады. Сонымен қатар бұл иммундық жүйенің беріктігін қамтамасыз етеді. Дене шынығып, вирустық және жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті артады.
Белсенді қимылдар қан айналымын жақсартып, ағзадағы қоректік заттарды тез жеткізеді. Қозғалыс координациясын қалыптастырып, бұлшық еттердің үйлесімді дамуына ықпал етіп, жедел және жылдам әрекеттер жасап, тепе-теңдікті сақтау дағдыларын қалыптастырады. Реакция жылдамдығын арттырады. Олар ойында жылдамдық пен қозғалыс бағытын өзгертіп, жаңа жағдайларға бейімделуді үйренеді.
Сондай-ақ секіру, айналу, жүгіру сияқты әрекеттер әсіресе эмоционалдық тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді. Көңіл күйді көтеріп, стрессті азайтады, сонымен бірге сенімділікті арттырады. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, қозғалыс арқылы қуанышқа бөленеді. Жинақталған энергияны шығарып, көңіл күйлерін реттейді. Ойында жетістікке жетсе, жеңіс қуанышын сезініп, өзіне деген сенімділігі артады. Ал жеңіліс тапқан сәттерінде олар психологиялық жағынан төзімді болуға бейімделеді. Бұл олардың психикалық денсаулығын жақсартады. Физикалық белсенділік арқылы стресс пен мазасыздықты азайтады. Ойын кезінде бала өзін еркін сезініп, жиналған эмоциясын шығарады.
Ал топтық ойындар баланың әлеуметтік дамуы үшін қажет. Бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, өзара көмек көрсетуді, ынтымақтастықты, өзгелерді тыңдап, ымыраға келуді үйренеді. Бірге әрекет етіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, командалық жұмыс дағдыларын дамытады. Бір-бірімен сөйлесуге, пікір алмасуға, ойын толық жеткізуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік дағдылардың қалыптасуына және достық қарым-қатынастардың нығаюына жол ашады. Ортақ ережелерді сақтауды үйренеді. Бұл олардың болашақта ұжымда жұмыс істеу қабілетін нығайтады.
Қимылды ойындар – балалардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға ықпал ететін тамаша құрал. Сондықтан ата-аналар мен тәрбиешілер қимылды ойындарды балалардың күнделікті өмірінде қолдануға атсалысуы керек.
Мейрамкүл БАЙДУАНОВА,
«Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі,
Қордай ауданы