Спорт

Үздіксіз жаттығу жеңіске жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі Жолдауында: «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін спорттың маңызы айрықша» деген болатын.

Жалпы денешынықтыру мен спорт тарихы терең тәрбиелік және білімділік маңызға ие. Мамандандырылған мектеп-интернат мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде жас спортшыларды дайындайды. Білім беру ұйымы әрбір білім алушының өзіндік ерекшеліктерін дамыта отырып, оларға таңдаған спорт түрімен айналысуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар олимпиадалық резервке сапалы спортшыларды даярлау мақсатында жұмыс істейді.

Мектеп-интернатқа спорттың жеті түрінен, оның ішінде алты олимпиадалық спорт түрі бойынша қабылданатын балалардың басым бөлігі 12-17 жас шамасындағы қала, ауыл балалары. Олар ауыр атлетика, бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, таеквондо, каратэ бойынша мамандандырылады. Мекеменің жобалық қуаттылығы – 230 орын.

Спорт – жарыс түрінде белгілі ережелермен өтетін, сондай-ақ баланы білек күштілігі мен дене мығымдығының арқасында жеңіске әкелетін әрекет. Әрбір ата-ананы баласының дені сау, мықты азамат, болашақта кім болатыны, оның бос уақытын қалай тиімді ұйымдастыру қажеттігі туралы сұрақтар мазалайтынын анық. Баланың спортпен айналысуын қалайтын ата-ана үшін алдымен баланың таңдауы қай спорт түріне түскеніне назар аудару өте маңызды. Спорт баланың денсаулығын нығайтумен қатар, мықты және төзімді болуға тәрбиелейді. Оның үстіне баланың мектеп-интернатта жатып спортпен үздіксіз шұғылдануы өз-бетімен шешім қабылдап, әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауына көмектеседі. Сауатты жүргізілген оқу-жаттығулар кезінде жас спортшының бойында мақсатқа ұмтылуға қатысты мінез пайда болады. Мұндай қасиет балалардың алдына дұрыс мақсат қойып, жеңіске қол жеткізуді үйретеді. Спорттың арқасында балалар тәртіп пен дұрыс қозғалыс белсенділігін үйренеді. Спорттың қай түрінен болсын баланы жаттықтыратын оқу-жаттығу сабақтары оның жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына бағытталады. Оған жастайынан спортпен шұғылданып, есейгенде өзінің чемпиондық мансабын әлемдік, халықаралық деңгейде дәлелдеп жатқан спортшыларымыздың өмір жолы дәлел бола алады. Мектеп-интернаттағы әрбір жаттығу сабағы ертеңгі қарсыласқа құрметпен қарауға, өз ерік-жігерімен батылдық көрсетіп, ұстамдылықпен жылдам шешім қабылдауға, сенімділік пен шыдамдылық танытуға үйретеді. Олар оқу-жаттығу жиындары мен спорттық жарыстар кезінде айтарлықтай толқуды сезінеді және үлкен жүктемелерге төзеді. Бұл жастардың тек физикалық белсенділігі үшін ғана емес, психологиялық тұрғыдан да үйлесімді дамуына ықпал етеді.

Спорттағы тәжірибе баланың кез келген деңгейдегі спорттық турнирлер мен жарыстарда өзін-өзі жеңімпаз-чемпион ретінде даралығын, ерекшелігін көрсету үшін ата-ана мен жаттықтырушының ынтымақты қолдауы өте қажет екенін көрсетіп отыр. Жеңу бұл әлбетте, баланың жеке басының мықты жақтарын байқатады және дамытады. Ал жеңілген уақытта жаттықтырушы мен ата-аналар бірлесіп, балаға ақыл-кеңестерін айтып отыруы керек.

Баланы спортқа баулитын жаттықтырушы мамандар үшін ортақ қасиеттер маманның арнайы теориялық білімі болуымен қатар спорттық шеберлігін қажет етеді. Бұл қасиеттер жаттықтырушылардың өз бойынан табылса ғана олар жас спортшыларды дайындауда кез келген қиындықты жеңе алады және жеңіске де жетеді. Бүгінде осы саланың тәжірибелі мамандары спорт жеңімпаздарын дайындауды тиімді ұштастырып, еліміздің келешек чемпиондарын даярлауға қомақты үлестерін қосып отыр. Өздерінің күш-жігерін жастайынан спортқа арнап, чемпион болуды армандап келген жастардан жеңімпаздар қалыптастырып, спорттық дағдысын уақытылы шынықтырып жүр. Олар балаларды батылдық пен батырлықты қатар алып жүретін спорттық өмірге дайындайды. Мектеп-интернат спортшы болуды қалаған баланы тек спортпен қаруландырып қана қоймай, оқу мен еңбекке деген жауапкершілігі мен шыдамдылығын қалыптастырып, төзімділігі мен шыншылдық қасиеттерін шыңдайды. Балалар таңнан жаттығуға дағдыланып, кешін жаттығумен жалғастыратын үлкен еңбекке ден қояды. Осы мақсатта спорт саласы мамандарының біліктілігін жетілдіру – мамандандырылған білім беру ұйымын стратегиялық дамыту жоспарындағы өзекті мәселелердің бірі. ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау» орталығының ұйымдастыруымен былтыр өткен біліктілікті арттыру курстарынан 9 жаттықтырушы өтті. Аталған бағытта білім беру ұйымының педагог-психологі де халықаралық деңгейдегі спорт психологиясы бағытында кәсіби біліктілігін арттырып, жас спортшылармен жеке жұмыстар жүргізіп отыр. «Жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидаларын бекіту» туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 19 қарашадағы №100 бұйрығына сәйкес 2023 жылы 6 жаттықтырушы, 2024 жылы 7 жаттықтырушы біліктілік аттестаттаудан өтті.

Білім беру ұйымында бала үшін өздерінің жаттықтырушылық жұмысын адал атқарып жүрген 19 жаттықтырушы бар. Олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы саны – 2. Алтауы біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы болса, үшеуі біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы. Сонымен бірге екінші санатты 6 жаттықтырушы бар. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 19 қарашадағы «Жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидаларын бекіту» туралы №100 бұйрығы негізінде 15 жаттықтырушы аттестациядан өткен. Бүгінде мектеп-интернат бойынша 132 спортшы «Спорт шеберіне кандидат» атағын алса, өткен жылы олардың 31-і осы нормативті «сәтті» орындаған.

Өткен жылы мектеп-интернаттан әр деңгейдегі халықаралық ірі ресми жарыстарға 51 спортшы, республикалық ел чемпионаттарына 94 спортшы және облыстық деңгейдегі жарыстарға 155 спортшы қатысып, 148 медаль (оның 55-і алтын, 37-ісі күміс, 56-сы қола) жеңіп алған. Нақтыласақ, жеңіс қоржыны әлемдік чемпионатта 1 қоламен, Азия чемпионаттарында 1 күміс және 3 қоламен толықты. ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және денешынықтыру істері комитетінің 2023 жылғы 19 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының құрама командасының спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың құрамын бекіту» туралы бұйрығына орай еліміздің ұлттық құрама командасына мектеп-интернаттан 40 спортшы енгізіліп отыр.

Бүгінде дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев, еркін күрестен ересектер арасындағы жеңімпаз Нұрданат Айтанов пен Нұрланбек Әбдінұр, грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Юсуф Ашрапов пен Жарылқасын Ержет мектеп-интернаттан шыққан жеңімпаз түлектер. Сондай-ақ Қазақстанның спорт тарихында грек-рим күресінен тұңғыш әлем чемпионы атанған мектеп-интернат түлегі, сурдолимпиада ойындарынан Қазақстан чемпионы (2021, 2022, 2023), Азия чемпионы (2023), спорттың осы түрінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Асан Нұржан біздің кейінгі жастарға үлгі тұтар спортшыларымыз.

Спорттық мектеп-интернат ұжымы «Спорт саласында олимпиадалық резервке лайықты, бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау» жұмыс миссиясын жүзеге асыруда оқу-тәрбие мен спорттық жаттықтыру сабақтарын жүргізуде туындайтын кез келген мәселені ұжымдық шешу жолдарын қарастыруға дағдыланған. Оқу-жаттығу процесінде тәрбиеленушілердің мектеп-интернатта сапалы мамандандырылған білім алуына барынша қолайлы орта жасауда оқу-жатын ғимараттарына уақытылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік бюджет арқылы 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.

Жастардың спорттық оқу-жаттығу жиындарын сапалы ұйымдастыру мақсатында материалдық-техникалық базаның, әсіресе жас спортшылардың өмір қауіпсіздігін сақтап, жаралануына жол бермеу, спорттық алаңдар мен залдарда ыңғайлы жаттығу ортасын құру, соның арқасында спортшының физикалық тұрғыда дамып, қарсыласына сауатты, нәтижелі шабуыл жасау дағдысын дамыта түсу қарастырылады. 2023-2024 оқу жылы жас спортшыларды арнайы спорттық тегін киім қорымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 19 377 000, 2 теңге қаржы жұмсалды. Дегенмен, жастарды спортпен шұғылдануға ынталандыру және ол үшін спорттық инфрақұрылымды жаңартып отыру алдағы уақыттың еншісіндегі маңызды мәселе екені белгілі.

Болашақ спортшылардың күн тәртібінің қатаң сақталуына, сондай-ақ олардың сабақта қажетті пән оқулықтары мен құрал-жабдықтарының түгел болуын қадағалау мектеп-интернаттың оқу бөлімінің құзырында. Жасөспірімдерді спортқа баулумен қатар оларға саналы тәрбие беру – білім саласында қатар жүргізілетін процесс. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры және тұлғаның адамгершілік тұрғыдан толысуын қамтитын үздіксіз үдеріс. Тәрбиенің мәні – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде білім алушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру үшін жағдай жасау. Дені сау ұрпақты одан әрі спортта кәсібилікке баули отырып, еліміздің қарқынды дамуына тамшыдай болса да үлес қосу – біздің азаматтық қасиетті борышымыз. Өйткені кез-келген өркениетті елде спортшылардың спорттық жетістіктерінің деңгейі жалпы ұлттың өміршеңдігінің айқын көрсеткіші ретінде қарастырылады, қоғам дамуы спорттық жетістіктерімен өлшенеді.

 

Марат АШИМОВ,

Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған

мектеп-интернат-колледжінің директоры