Қайыршылық кәсіп пе, шарасыздық па?
Тіленшектікпен айналысу жақсы іс емес. Тіпті «Қайыршы» деген атаудың өзі жағымсыз. Мұндай амалға ілгеріде ілуде біреу ғана баратын. Оның өзінде қол-аяғы кем, мүгедектігі бар немесе әлдебір дертке душар болған және қарайласатын ешкімі жоқтар амалсыз тағдырының жазғанына көніп, көпке алақан жайып күн кешетін. Қазір ше? Аттап бассаң болғаны жолыңда аяқ-қолы балғадай бола тұра, тіленшектікпен айналысатындар қаздай тізіліп тұрады. Бұлар кім? Күнін тілемсектікпен өткізетіндей не басына күн туды? Мұндай намыссыз іске неліктен барып отыр? Сұрап жатқан ешкім жоқ.
Бір жолы қыстың көзі қырауда аялдамаға жақын жердегі бетонның үстіне картон қағаз төсеп отырған жас әйелге көзім түсті. Жасы 20-дан енді асқан келіншектің қолында сәбиі бар. Темір табаққа түскен тиын-тебенді бет сипап, қалтасына салып қояды. Басы салбырап отырған әйелге жақын барып, не жағдай болғанын сұрастырдым.
Мұз үстінде жаурап отырған әйел мен құндақтаулы баласын аяп кеттім. «Қазір мен саған ақша жинап беремін. Содан кейін «Аналар үйіне» орналастырамын. Ол жерде бәрі тегін, оның үстіне өзіңе қажетті курс оқып, жұмыс істеп ақша табасың» дедім. Ол басын изеді. Баласын қолыма алып, бар даусыммен: «Күйеуі тастап кетіп, екі айлық бөпесімен далада қалған жас анаға көмектесіңіздер» деп айқайлай бастадым. Жан-жақтан қаумалаған адамдар табақты ақшаға толтырды. Әйел ақшаны жинап үлгермей жатып, лезде қайта толып қалады.
Жақын жердегі асханадан бір табақ ыстық сорпа мен буы бұрқыраған сүтті шай да келді. Тіпті аялдамаға тоқтаған автобустардың кондукторлары секіріп түсіп, ақша ұстатып жатыр. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде 100 мыңнан аса қаражат жиналды.
Әйел ас-ауқатын ішіп болып, беті-қолын сүртті. Орнынан асықпай тұрды да, баласын қолына алды. Сипақтап, отырған жерін жинастырды да: «Ешқайда бармаймын. Жақын жерде туған әпкем тұрады. Күтіп отыр, тезірек баруым керек» деп жолдың арғы бетіне қарай тұра жүгірді. Сонда ғана бала нәпақа табудың көзі екенін, ал жұмыс істегісі келмейтін жатыпішерлердің осындай айлаға баратынын түсіндім.
– Масылдық дерті өте күрделі мәселеге айналды. Оған арсыздықты қосыңыз. Өзі еріншек, оның үстіне арсыз адам қандай амалға болса да барады. Бастысы өзі еңбек етпей, өзгені алдап-сулап қаражат тапқысы келеді. Мұндай жағымсыз қасиет адам бойына балалық шағынан қалыптасып, мінезіне сіңіп кетеді. Кейін әдетке айналады.
Әлденені сұрап, тіленіп, тегін алып кеткісі келіп тұру – қайыршылықтың бастамасы. Оларға «Ұят болады» деген сөз әсер етпейді. Бастысы – қандай жолмен болса да пайда табу. Адам қайыр тілеп өмір сүруге аяқ астынан душар болмайды. Бұл көбіне ата-ананың баласына жауапкершілік артпауының салдарынан туындайды. Әке-шеше бәрін өз мойнына алады да, бала өздігінен әрекет етпейді. Үлкендер әлпештеп, өбектеп отырған соң бала еңбектен қашады. Жатыпішер жалқау болып өседі.
Қазір көшеде тіленіп отыратын қайыршылардан бөлек, әлеуметтік желілерде де «сұраншақтар» көбейді. Олар арнайы парақша ашып, «Kaspi» нөмерін жазып қояды. Одан кейін әркімнің жекесіне «Нанға ақша беріңізші», «Жолақыма жетпей тұр, тиыныңыз бар ма?», «Студент едім, қарным ашты» деп дамылсыз жазып отырады.
Желіде елден ақша сұрап отыратындардың бірнешеуіне қоңырау шалып көрдік. Бірді-екілісі «Студентпін, әке-шешемнен ақша сұрауға ұяламын» деп жауап берді. Ал қалғандары «Ақша салсаңыз салыңыз, салмасаңыз мазамды алмаңыз» деп тұтқаны тастай салды.
Онлайн қайыршылықтың дамып кеткені соншалық, олар қазір әлеуметтік желіде бет-бейнесін жасырмайтын да болған. «Алла разы болсын, 100 теңге болса да мына нөмерге жіберіңіз» деп «Tik Тok» желісінде тоқтаусыз сөйлеп отырған әйелмен де тілдесіп көрдік. «Бала-шағамыз көп, өзім кішкентай баламен жұмысқа шыға алмаймын. Маған берген 5-10 теңгеден ешкім кедейленіп қалмайды. Менің тапқан тиынымды есептеп нең бар?» деп дүрсе қоя берді.
Әлдене сұрап, тіленіп отырғандар өз ісін дұрыс көреді. Бірі баласының көптігімен, енді бірі студент екендігімен ақталады. Ал ең сорақысы бұл жағымсыз әрекет олар үшін әдетке айналып кеткенін мойындағысы да келмейді. Ал тіленшектікпен айналысқан ата-аналардан тәрбие алған баланың болашағы ешкімді ойландырып та жатқан жоқ.
Кейінгі уақытта қайыр тілеудің тағы бір жаңа түрі шықты. Ол бір арзанқол затқа қосақтап, хат қалдырып кету. Сондай бір хатқа кезек бере кетсек: «Ассалаумағалейкум, құрметті жамағат! Менің 3 балам бар. Пәтерді жалға алып тұрып жатырмын. Жалғызбасты анамын. Жағдайымыз нашар. Көмектесіңіздерші. Ең болмаса салфетканың ақшасын сұраймын» деп нөмір жазып, қасына салфетка қойып кетеді. Дәл осы мәтіндегі хат иесіне хабарласып, жолықтық. Ойтохан деп таныстырған әйел өз оқиғасымен бөлісті.
– Екі балам бар, үшіншісіне аяғым ауыр. Күйеуім тастап кетті. Әке-шешем бөлек тұрады. Олар «сен кеткен адамсың, ешқандай көмек бере алмаймыз» деген соң осындай амалға көштім. Алдында есігіме әлдекім дәл осылай хат пен бір зат қыстырып кеткен болатын. Соны көріп, өзім де компьютерге мәтін жаздырып, 70 теңгеден 100 салфетка сатып алдым. Сөйтіп, әр үйдің қақпасына, есігіне, көліктердің үстіне қойып кете бердім.
Сәлден кейін ақша түсе бастады. Бұл маған ұнай кетті. Кейін салфетка мен жазбаларды көбейтіп, екі баламызбен үшеулеп тарата бастадық. Күнделікті кафелерге кіріп, адамдардың қолына ұстатып кетеміз. Қазіргі таңда ас-ауқатымызды, пәтерақы мен күнделікті жолкіре шығынын осы арқылы ақтап отырмыз. Бұл садақа ғой, – деді Ойтохан.
Өз ісінен ешқандай қайыршылық көрмейтінін, керісінше мұсылманда садақа сауапты іс екенін айтқан өзбек әйел жалғызбасты анаға көмектескендер сауап жинайтынын ескертті. Мұндай амал жасамаса, балалары да мектепке бара алмай, тіпті аш қалады екен.
Иә, асыл дінімізде мұқтаж жандарға садақа беру – сауапты іс. Садақаның осы дүниедегі 5 пайдасы: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жандарды қуантады, ризықты арттырып, табысқа берекесін береді. Ал ақыреттегі 5 пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуі оңай болмақ, дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ деп түсіндіріледі.
Қасиетті Құрани Кәрімде: «Садақа берсеңдер – Құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер. (Ешкімнен) еш нәрсе тілемегеніне қарап, білмегендер оларды бай деп есептейді, ешкімге жабыспайтынын олардың жүзінен-ақ танисың. Мал-мүліктен нені садақа етсеңдер де оны Алла айқын біледі» делінген.
Қайыршының бірі шын мұқтаж болса, екіншісі айласын асырып, кәсіп етіп отыр. Бұл анық. Масылдық жазылмас дерт. Ең қауіптісі де осы.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ