Жастар

Парасаттылық пен адалдық құндылығы

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Жоғары оқу орындарында парасаттылық пен адалдық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастарға арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Іс-шараға осы оқу орнының басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов қатысты.

Жиын барысында жұртшылық алдымен қоғам дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге және адалдықтың ақ туын кірлетпеуге бағытталған бейнероликті тамашалады. Басқосуда студенттердің болашақ кәсіби және жеке табысының негізі болатын оқу кезеңінде адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.

 –Іс-шараның мақсаты – профессор, оқытушылар құрамы мен студенттер арасында академиялық адалдықты сақтау, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып,  адам бойындағы адалдық пен парасаттылықты, тазалық пен әділдікті дәріптеу.

«Дөңгелек үстел» отырысында қатысушылар тақырып аясында көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауаптарға қанықты.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ