Балалар неге қатігез болып барады?
Бүгінде қоғамда алаңдаушылық туғызған мәселелердің бірі – балалар арасындағы қатігездік. Соңғы уақытта жасөспірімдер жасаған қорқынышты оқиғалар жиілеп кетті. Бір ғана мысал – жуырда Семей қаласында болған оқиға. 6-сынып оқушысын өзінен үлкен балалар жабылып ұрып-соғып, оны видеоға түсірген. Бұл әрекет қоғамды дүр сілкіндірді. Астанадағы лифт ішінде кішкентай баланың бетін тілгілеп, оған жарақат салған жағдай да жағамызды ұстатты. Мұның бәрі «Балалар неге қатігез болып барады?» деген үлкен сұрақ тудырады.
Қоғамда буллинг деген ұғым кеңінен таралды. Бұл – балалар арасындағы әлімжеттік, мазақтау, қорлау, төбелес сияқты жағдайларды сипаттайтын термин. Мамандардың айтуынша, елімізде әр бесінші оқушы буллингтің құрбаны болады. Бұл психологиялық күйзелістер мен тіпті суицидке әкелуі мүмкін. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, буллингке ұшыраған балалардың басым бөлігі өзін төмен санап, болашақта түрлі психологиялық мәселелерге тап болады. Мұндай балалар кейін өздері де зорлық-зомбылық көрсетуге бейім келеді.
«Баланың қатыгездігі – жан айқайы» дейді педагог Әлия Қырықбаева. «Олар ештеңені бекер істемейді. Бәлкім, үйінде жылулық көрмеді, бәлкім, біреу оларды басынғысы келді. Қоғамда өз орнын таба алмаған бала өзгені қорқытып, өзін күштімін деп дәлелдеуге тырысады. Бұл – қоғамдағы үлкен трагедия» дейді ол.
Қатыгездік үйден бастала ма? Бұл сұраққа жауап іздесек, қоғамдағы өзгерістердің әсерін де ескеру қажет. Бала – ата-ананың айнасы. Қатігездік танытқан баланың отбасына зер салу керек. Бұл туралы психолог Мөлдір Сабербекова былай дейді:
– Бала туылғаннан бастап ата-анасынан махаббат, жылулық, қамқорлық көрсе, болашақта мейірімді болып өседі. Ал егер ата-ананың өзара қарым-қатынасы дұрыс болмаса, жиі ұрыс-керіске жол берілсе, бала да осыны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ол өз сезімін сыртқа шығара алмай, агрессиясын айналасына төгеді. Балаға «қатігез болма» деп айту жеткіліксіз. Біз оған мейірімді болудың үлгісін көрсетуіміз керек.
Баланы сенім артуға үйрету қажет. Егер бала қиналған кезде көмек сұрай алмаса, ол ішіне бүгіп, өзін түсінетін басқа орта іздейді. Ол орта әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Сондықтан ата-аналар баланың жанына жақын болуға, сенім артуға үйретуі керек.
Ал Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айжан Қонысова «Біз балаға ұялы телефон алып береміз де, сонымен шектелеміз. Ол не көріп отыр? Кімдермен сөйлесіп жүр? Қандай ортасы бар? Оны білмейміз. Біз баланы киіндіріп, тамағын беріп отырмыз деп ойлаймыз, ал шындығында, ол рухани аш жүр. Баланың бойындағы мейірімді ояту үшін, алдымен өзіміз оған махаббат сыйлауымыз керек» деген пікірде.
Расында да балалардың бойындағы қатігездік күннен күнге өршіп бара жатқандай. Бұл тұрғыда мектеп пен қоғамның рөлі қандай? Осы орайда ұстаздардың да өз айтары бар. Тараз қаласындағы №48 мектептің мұғалімі Сәуле Таңатарова балалардың оқуға емес, көруге құмар болып бара жатқаны қауіпті құбылыс екенін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, мектептерде буллингтің алдын алу жұмыстары күшейтілуі тиіс. Қазір көптеген мектептерде арнайы психологтар жұмыс істейді, бірақ ата-аналардың оларға жүгінуі сирек. Көп жағдайда бала мектепте буллингке ұшыраса да, оны ата-анасына немесе мұғаліміне айтпайды. Себебі олар «маған бәрібір, өйткені олар көмектесе алмайды» деп ойлайды.
Көпті толғандырған осындай өзекті мәселеге байланысты құқық қорғау органдарының өкілдері не дейді? Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 39 қолайсыз отбасы және құқық бұзушылық жасаған 67 кәмелетке толмаған жасөспірім полицияның есебінде тұр. Қазіргі таңда облыс аумағында полиция бақылауында 354 жасөспірім және 287 қолайсыз отбасы тіркелген.
Полиция өкілдерінің айтуынша, қылмыс жасаған немесе құқық бұзған балалармен тұрақты түрде жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Олар оқу орындарында, үйлерінде тексеріліп, ата-аналарымен түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Егер ата-аналар бала тәрбиесіне салғырт қараса, олар да жауапкершілікке тартылады.
Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері облыста кәмелетке толмағандар жасаған 9 қылмыс тіркелген. Оқу орындарындағы бейнебақылау камераларының көмегімен 88 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Балалардың қатігездігі – тек бір отбасының немесе мектептің мәселесі емес. Бұл – қоғамдағы ортақ проблема. Оны шешу үшін ата-аналар тарапынан бақылауды күшейту, мектептердегі психологиялық қызметті дамыту, буллинг жасаған жеткіншектерге қатысты құқықтық жауапкершілік механизмдерін қарастыру, әлеуметтік желідегі зиянды контентке шектеу қою сияқты бірнеше маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.
Әсіресе, «TikTok» желісіне қатысты қоғамда алаңдаушылық бар. Себебі бұл платформада жасөспірімдерге теріс ықпал ететін контент кеңінен таралған. Жақында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Үкімет «TikTok»-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, теріс әдеттерге шақыратын контентке шектеу қоюы қажет. Әсіресе кәмелетке толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу немесе толық тыйым салу керек. «Кейінгі екі жылда «TikTok» әлеуметтік желісін пайдаланушы қазақстандықтар саны 14 миллион 100 мыңға жеткен. Олардың көбі балалар мен жастар. Бүгінде көрші елдеріміз «TikTok» желісіне ішінара немесе толық шектеу қойып үлгерді. Еуроодақ та мәселені заңмен реттеуге көшкен. Қытайда бұл платформа қолжетімді емес. Ұрпағымызды «TikTok»-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр. Онда пайдалы контенттен гөрі жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы «TikTok» арқылы таралуда. Жасөспірімдердің «TikTok»-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес,-дейді депутат.
Айжан ӨЗБЕКОВА